Еліміздегі халық шаруашылығының белсенді дамуы, өнеркәсіптің жаңа салаларының және материалдардың пайда болуы, өрт қауіпсіздігінің алдына көптеген жаңа талаптарды қойды, сонымен қатар, жаңа өртке қарсы техникалардың пайда болуына үлес қосты. Соңғы жылдары өрт қауіпсіздігі саласы жаңа, осы заманға сай жабдықтармен (автоцистерналар, автоcорғыштар, көпіршік генераторлары, мотопомпалар, өрт сөндіру құралдары және т.б.) қамтамасыз етілді. Автоматтық өрт сөндіру құралдары мен дабылдары қолданылып жүр. Айтылғандардың барлығы осы әдістемелік нұсқауда көрініс тапты.
Өрт сөндірудің кең тараған құралдары болып: көмірқышқылы, сулағыштар, химиялық және ауалық-химиялық көбік, галойдталған көмірсутектер, түйіршікті қоспалар, бромэтилды қосылыстар, СО2, инертті газдар және т.б. табылады. Осы аталған өрт сөндіру құралдары келесі түрлерге жіктеледі: суытатын және оқшаулайтын, яғни жану аймағына оттегінің түсуін көбік қабатын жабу немесе құрғақ түйіршіктерді себу арқылы оқшаулау жүргізіледі. Электр өткізгіштігіне қарай: электр өткізетіндер (көбік, су, бу) және электр өткізбейтіндер (түйіршіктер мен кейбір газ түрлері) болып бөлінеді. Уыттылығы жағынан: уытты еместер (су, көбік, түйіршіктер), орташа уыттылар (көмірқышқылы және азот) және уыттылар (бромэтилды қоспалар, фреондар) болып бөлінеді.
Өртті сөндіру тәжірибесінде әртүрлі сулағыштар, көбіктер, инертті газдар мен механикалық құралдар кең ауқымды қолданысқа ие. Сулағыштар жанатын нәрселердің (резеңке, көмір шаңы, шымтезек, талшықты жабдықтар және т.б.) суланғыштығын жақсарту үшін қолданылады. Бұл жерге сабынды, синтетикалық қоспаларды, амилсульфаттарды, алкилсульфонаттарды жатқызуға болады. Көбік – жылуды аз өткізетін, қозғалмалы, жылуды сәулелендіру әсері бар, түтіндеудің тығыздығын төмендететін, бірақ механикалық төзімділігі төмен қасиеттерге ие.
Көбіктер – химиялық, ауа-механикалық және жоғары еселі болып бөлінеді. Химиялық көбікті өрттің шығу көзіне жіберу алдында ерітінділерді (сілтілік және қышқылдық) араластыру немесе судың ағынымен көбіктенетін түйіршіктерді (көбік түзуші) араластыру арқылы алады. Көбікті түйіршік – күкірт қышқылдық аммоний мен натрий бикарбонатының, көбіктендіргіштер мен судың қоспалары. 1 кг түйіршік пен 10 литр судан 40-60 литрға дейін көбік алуға болады. ПО-1 ПГП түйіршіктерінен алған көбіктермен – мұнай өнімдерін; спирттер мен ацетондарды, ішіне 2% сабын қосылған ПГПС түйіршіктерімен өшіреді. Химиялық көбік жану аймағында оттегі мөлшерін 14% дейін азайтады, жабдықтардың беттерін жауып, оларды от жалынынан оқшаулайды, суытып, жануды тоқтатады.
Ауа-механикалық көбіктерді ауа-көбікті оқпанның көмегімен, суды қысылған ауамен және көбік түзгішпен араластыру арқылы алады. Ауа қысымына және көбік түзгіштердің қасиеттеріне байланысты орта және жоғары еселі көбіктерді алуға болады. Көбік еселігі – көбік көлемінің, өзі алынатын барлық сұйықтардың көлеміне қатынасы. 5-100 еселікті көбіктер аз және орта еселіліктілерге, ал 100-ден жоғарылары жоғары еселіліктілерге жатады.
Жоғары еселі көбіктерді, қысылған ауа мен су қоспасын және көбік түзгішті араластыру нәтижесінде, үздіксіз көбіктің пайда болуы әсерінен алады. Едәуір жоғары еселі (1000-ға дейін) көбікті алу үшін атмосферадан алынатын ауадан басқа, қосымша ауа (немесе инертті газ) пайдаланылады. Жоғары еселі көбіктің өртті сөндіру қабілеті басу әсеріне негізделген, себебі өрт ошағына көбіктің түсуі кезінде ол оның бүкіл ауданын жабады.
Инертті газдар (азот, аргон, гелий, түтіндік немесе өңделген газдар) газды-дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде құралдар мен жабдықтарды толтыру үшін қолданылады. Механикалық құралдар (брезент, киіз, құм, топырақ) жанатын заттар ысып үлгермеген жағдайда, яғни жанудың бас кезінде қолданылады. Өртті химиялық құралдармен сөндіру үшін әртүрлі қол өрт сөндіргіштері, сонымен бірге жылжымалы және стационарлы өртті сөндіру қондырғылары пайдаланылады. Жанудың бастапқы кезеңінде өртті сөндіруге арналған құралдар. ОХП-10 типті химиялық көбікті өрт сөндіргіштер қатты және сұйық заттарды сөндіруге арналған. Олар 5-ке тең еселікпен әсер етеді, ұзақтығы 60 секундқа жақын. Баллондардың сиымдылығы — 8,7 және 9 л. Осы өрт сөндіргіштердің заряды сілтілік және қышқылдық бөліктерден тұрады. Қыс мезгілінде өрт сөндіргіштер қатып қалмас үшін, оның сілтілік бөлігіне этиленгликольді немесе рас көбіктендіргішін қосады. ОХП-10 өртсөндіргіші ішінде стақан орнатылған шойыннан пісірілген корпустан тұрады. Стақан күкірт қышқылды темір тотығымен толтырылған.
Корпус мия экстракты бар екікөміртекті натрий қышқылының (сілті) қоспасымен толтырылады. Тұтқаны (3) 180°-қа бұрған кезде, соташық (4) резенке тығынды жоғары көтереді де, түбін жоғары қаратып аударғанда қышқылдық және сілтілік бөліктері араласады. Нәтижесінде, көміртек қос тотығы көбік түрінде түзіліп, шашырау арқылы жану ошағына бағытталады. Ағынның ұзындығы 8 м жетеді. Қышқылдық пен сілтілік бөліктерінің араласуы нәтижесінде келесі әрекеттесу жүреді:
Өрт сөндіргіштің корпусы бір жылдан кейін 25 % мөлшерде, 2 жылдан кейін 50 %, 3 жылдан кейін 100 % 2 МПа қысымда зерттеуден өтеді. Жылына бір рет зарядталынып тұрады. ОХП-10 өрт сөндіргіші оңай жанғыш, жанатын сұйықтарды және қатты заттырдың көбін сөндіруге арналған. ОХП-10 өрт сөндіргішін сумен араласатын сұйықтарды сөндіру үшін қолданғанда оның әсері болмайды, көбіктің қасиеттері өзгереді. Химиялық көбікті құнды заттарды сөндіру үшін пайдаланбаған абзал, оның әсерінен олар бүлінеді. Көбіктік өрт сөндіргіштердің көбіктерінің ток өткізу қабілеті болғандықтан, электр құрылғыларын сөндіру үшін де пайдаланылмайды.
ОВП-5 және ОВП-10 типті қолмен сондіруге арналған ауа-көбікті өрт сөндіргіштердің, сиымдылығы 5 және 10 л сәйкес 5% көбіктүзуші қоспамен толтырылған сұйыққоймасы бар. Балонның қысу тұтқасын бұрған кезде көміртек қос тотықты көбік cұптама арқылы жоғары еселік қоспа шашырайды. Өрт сөндіргіштің жұмыс істеу уақыты 20 секунд, ағын ұзындығы 4-5 м дейін жетеді. Өрт сөндіргіштің заряды химиялық бейтарап. Соның негізінде алынған жоғарғы еселі көбік те өрт сөндірілгеннен кейін жоғалады. Сол себепті өрт сөндіргіштің айналадағы заттарға зиянды әсері жоқ. Мұндай өрт сөндіргіштерді электроқондырғыларды, сілтілік металдар мен заттарды сөндіру үшін қолданбайды.
Кішігірім өрттердің барлық түрін сөндіруде қолданылатын, сиымдылығы 2, 5 және 8 л тең ОУ-2, ОУ-5 және ОУ-8 қолмен сөндіруге арналған көмірқышқыл өрт сөндіргіштері.Бұл өрт сөндіргіштер қысым вентилінің маховикті айналдыруы арқылы іске қосылады. Қар тәрізді көмірқышқыл ағыны 2 м қашықтыққа 30-40 секунд уақыт ішінде әсер етеді. Балондағы көмірқышқыл сұйығы 6 мПа қысымда болады да, тұтқаның вентилін ашқанда ондағы қысым 0,98*105 Па дейін төмендейді. Нәтижесінде сұйық көмірқышқыл температураның төменгі көрсеткішінде газ тәрізді күйге өтеді. Сондықтан өрт сөндіру құралдарымен жұмыс істегенде сақ болу керек. Көмірқышқыл өрт сөндіргіштерді таразыға тарту арқылы тексеруден өткізеді. Егер салмағы аз болса, оларды зарядтау қажет.
Көмірқышқыл материалдарды бүлдірмейтіндіктен, оларды құнды заттарды және кітап сақтау орындарын сөндіру үшін пайдаланады. Ал ток өткізбеуіне байланысты (380 В дейін) электр құрылғыларын сөндіруде қолданады. Көмірқышқыл-бромэтил өрт сөндіргіштері, 3,2 және 7,4 л сиымдылықты шойын баллонан тұрады, оның ішінде 97% бромды этил мен 3% сұйық көмірқышқылы болады. Ерітінді 0,843 мПа қысымда болады. Вентильді ашу кезінде шығару түтігінен бұлт тәрізді өрт сөндіру заты шашырайды. Өрт сөндіргіштің жұмыс істеу уақыты 40 секунд, ағын ұзындығы 4-5 м дейін жетеді. Олар қатты, сұйық жанғыш және электр құрылғыларын сөндіру үшін қолданылады.