#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Өрт сөндірушілер үшін әрбір сәт қымбат

Аудандық өрт сөндіру бөлімінде 25 өрт сөндіруші қоғамның қауіпсіздігі үшін қызмет етуде. Аталған бөлімде Берік Каипов өңіріміздің тұрғындарын түрлі қауіп-қатерден құтқарып, ерліктің үлгісін көрсетіп жүрген азаматтардың бірі.

Ұлы Аристотельдің «Ерлік – аяулы қасиет, онымен адамдар қауіп-қатер үстінде тамаша істер істейді» деген сөзі бар. Сондай аяулы қасиетке ие өрт сөндірушілердің күнделікті өмірі ерлік іспен көмкеріліп, батырлықпен өріледі. Олар – от пен судан, айтып келмес апаттан зардап шегушіні құтқаратын жандар.

Аудандық өрт сөндіру бөлімінде 25 өрт сөндіруші қоғамның қауіпсіздігі үшін қызмет етуде. Аталған бөлімде Берік Каипов өңіріміздің тұрғындарын түрлі қауіп-қатерден құтқарып, ерліктің үлгісін көрсетіп жүрген азаматтардың бірі. Ол өрт сөндіру қызметінде жеті жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде Берік өзінің еңбекқорлығы мен жан-жақтылығын танытып, бүгінде аудандық өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқаруда.

Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Берік Шақпақата ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ол ауылдағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектепте білім алған. Мектептен түлеп үшқан соң таңдауы өрт сөндіруші мамандығына түсіп, еліміздегі айтулы оқу орны Көкшетау техникалық институтына құжатын тапсырады. Оқу орнында өзін физикалық тұрғыдан шыңдап, өрт қауіпсіздігі мамандығын алып шығады.

Алғашқы еңбек жолын облыс аумағында орналасқан Мойынқұм ауданындағы өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып басталды. Аз уақыт ішінде тәжірибе жинап, 2015 жылы Жуалы аудандық өрт сөндіру бөліміне қарауыл бастығы болып ауысады.

Әлемде қанша мамандық болса соның ішінде ешбір мамандықтың оңайы жоқ. Әр мамандықтың өз қызығы мен қиындығы бар. Тек әр адам өзінің қызығушылығына, бейімділігі мен икеміне қарай өз таңдауын жасайды. Берік те таңдаған мамандығына қызығушылық танытады. Алғашында өрт сөндірушінің қоғамға деген келтірер пайдасы мен көмегі жайында білмей, қате ойда болады. Кейіннен мамандықтың қыр-сырына қаныға келе, біреудің өмір сүруіне септігі тиетінін білгенде жауапкершілік танытады. Таңдауынан қателеспегенін түсінеді. Еңбекке араласып, буыны қатайып, өзінің міндеттері мен мақсаттарын жақсы ұғынады.

-Ата-анам қарапайым еңбек адамдары. Әкем Жаманбек және анам Жұмакүл  екеуі де зейнеткер. Көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Менің сыңарым бар. Ол да осы салады еңбек етуде.

Өрт сөндіруші – өте қауіпті мамандықтың бірі. Өйткені, кез келген уақытта тыныштықта отырған сәтімізде хабар келіп, айтпай келген аппатқа болмаса өртке кетуіміз мүмкін. Сол уақыттарда басымызды қауіп-қатерге тіге отырып бара жатқанда  аман-есен ораламыз ба деген ой бірінші санамызда тұрады. Өмір болған соң, төтенше оқиғалар орын алып жатады. Ондай кезде патриоттық сезіміміз еліміздің әрбір азаматының өмірі үшін күресуге жетелейді. Мәселен, кейде тілсіз жауда, көлік апаты оқиғасында, өртте түрлі оқиғаларға тап боламыз. Мұндай кездері өзімізді емес, өзегінің амандығын, шығынсыз, бүкіл ұжымның төрт көзі түгел келуін тілейміз, – дейді өрт сөндіруші Берік Жаманбекұлы.

Бұл мамандықтың иесі болуы үшін адамгершілік қасиеті жоғары болуымен қатар, батырлық, ерлік қасиеттері де бойынан таба білуі тиіс. Жас талап Берік ең бірінші адам кез келген жағдайға психологиялық тұрғыдан дайын болуы тиіс деген ойда. Себебі, өрт сөндіруші өрт сөндірумен ғана емес, өзге апатта да өз міндеттерін атқарады.

-Ең алдымен, өрт сөндірушінің жүрегінде адамға деген мейірім болуы керек. Сонымен бірге шапшаңдық, жылдамдық, батырлық қасиеттері бізге тән қасиеттердің бірі. Біз дұрыс шешім қабылдап, кез келген жағдайда тәрбиелігімізді, адамгершілігімізді танытуымыз қажет. Қандай жағдай болса да техникалық ережелерді мұқият сақтауымыз тиіс. Әр уақытта өртке шығар алдында жеке ротадағы қызметкерлерге нұсқаулық беріліп, жіті түсіндіріледі. Шексіз батылдықты көрсетпей, тәртіпке бағынуымыз тиіс. Талапқа сай іс-әрекет жасап, жауынгерлік киім үлгісін сақтауымыз қажет.

Өрт сөндіру қызметінде де әскери тәртіп. Барлық нәрсеге кез келген жағдайда сақадай-сай дайын болуымыз керек. Аудандық өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамының дені жастар. Ұжым бір-бірімен тату әрі ұйымшыл.  Жастар аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, сыйластық танытады. Ал, кейде олар да ағалық қамқорлықтарын танытып, кеңестері мен бөліседі.

Бөлім бастығы Кеңесбек ағаны аға әрі үлгі тұтар ұстаз деп көремін. Өйткені, ол бойындағы біліктілігімен қатар, адамгершілік қасиеті жоғары. Өрт сөндіруші болғандықтан қандай жағдай болса да құтқару жұмыстарын атқаруымыз керек. Ондай оқиғалар кезінде жауапкершілік танытамыз. Ол әрбір қызметкердің міндеті.

Біз көпшіліктің алғысы мен ризашылығын естіген кезде шаршағанымызды ұмытып кетеміз. Керісінше, біреудің өмірін құтқарғанымызға қуанып, еңсемізді тіктеп, алға қарай ұмтыламыз, – дейді ол.

Олар үшін әрбір минут қымбат. Әр адамның амандығы маңызды. Олар әр оқиғадан сабақ алып, тәжірибе жинақтайды. Берік те талай апаттардың арасында жүріп, өмірден жақсы ой түйеді. Оған әсіресе, Боралдай тауындағы дала өрті ерекше әсер еткен. Сонымен бірге, Жуалының бұрқасын желімен бірге ақтүтек боран соққан кездегі құтқару жұмыстары да мол тәжірибе берген. Адамгершілік қасиеттен, қызметтік міндеттен айнымауды үйренген.

Бүгінде Берік бір шаңырақтың иесі. Өрт сөндіру қызметіндегі ерлігі мен еңбегіне қарай түрлі марапаттарға ие болған маман. Өмірлік жары Зухра Жандаровамен отау құрып, Алла қаласа, алғашқы перзентінің дүниеге келуін күтуде.

(с) Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар