Нағашыбай туған 1956 жылы Сабырдың отбасы туған жерге оралып, Соколов ауданының «Налобино» кеңшарының «Гайдуково» деген орыс ауылында отырады. Алайда бұл жер көпбалалы отбасына құтты қоныс болмайды, өйткені Хрущевтің жекеменшіктің мал басын қысқарту деген солақай жарлығы шығады. «Сиыр ұстасаң, жылқы ұстамайсың, жылқы ұстасаң, сиыр ұстамайсың» деген талапқа қымыз татпаса отыра алмайтын, үнемі сиыр сүтін ішуді қажет ететін шүпірлеген сәбилері бар қазақ отбасы қалай көнсін, оның үстіне мал ұстамаған соң, тіпті мардымсыз болып қалған кеңшардан алатын тиын-тебенімен үлкен жанұяны қалай асырасын, Сабырдың отбасы қайтадан Ішке (Тайганың арасы) аууға мәжбүр болады.
Бір қызығы, Қазақстандағыдай емес, Ресейдің ішінде өкіметтің қыдыңдаған солақай талабы орындалмайды. Бірін-бірі көрсету де кемшін, сондықтан Сабыр ағамыз алдымен інісі Сермағанбет қоныстанған Қорғанның Петухов ауданындағы орталығы «Ақтабан» деп қазақша аталатын «Заря коммунизма» ұжымшарының «Ново-Михайловка» деген бөлімшесіне көшіп барып, мал бағады. Айта кететін жайт, Барлыбаевтар отбасында тетелес аға-інілердің еншісі бөлінбейді екен. Әкелері Сәдуақас пен Сейтахметтің еншісі ажырамаса, кейін олардың балалары Сабыр мен Сермағанбеттің де еншісі бөлінбей өткен.
Осы жерде Нағашыбай 1964 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттайды. Үйлері ағаш арасында, мектептен алыс, әкесінің атпен алып кетуге қолы тие бермейді. Осындай жағдайда күз бен қыстың ызғарлы күндерінде беті-қолы домбығып, ағаларымен бірге томпаңдап, сабақтан қалмай жүреді.
1968 қайтадан елге оралып, Мамлют ауданындағы Белое деген жерге қоныстанады. Еңбекқор Сабыр бұл жерде екі сиыр, бір бие, мінетін ат, 30-40 қой-ешкі ұстап, қоңданып қалады. Малдың қысы-жаздағы күтімі ержетіп қалған ұлдардың мойнында, өзінің қолы кеңшар жұмысынан тие бермейді. Еңбекті еселей түссе, тұрмыстың да жақсара бастайтынын бұл үйдің балалары өмірдің өзінен көріп ержетеді. Көп ұзамай әкесі екінші бие алып, оның сүтін де шешелері іс қылып, қымыз дайындап қояды. Алайда «екінші биенің қымызы қонақтікі» дегенді балаларының құлағына құйып отырады. Сондықтан өздеріне тиесілі биенің қымызы таусылса, бұл үйдің балалары тағы қымыз сұрап, қыңқылдауды білмейді, ат-арбамен алыстан келетін туыстар, қонақтар бар. Олар келгенде қымыздың шарасы бос болмау керек. Ал Нағашыбай әкесінің осы сөзін өмір бойы ұмытпай, айтып жүреді.
Мектеп бітірген соң, Нағашыбай Барлыбаев «Белое» кеңшарына жүргізуші болып тұрады. Алайда зерек көңілі қарапайым жұмысты місе тұтпай, оқуым керек деп алаңдай береді. Ақыры Қызылжардағы Ушинский атындағы пединституттың жаратылыстану факультетіне оқуға түсіп, одан географ-биолог мамандығын алып шығып, осы ауданның Щучье деген орыс селосындағы сегізжылдық мектепке мұғалім болып орналасады. Алайда өзінің болашағы шаруашылықпен, қара жермен байланысты екенін жан-тәнімен сезінген Нағашыбай 1983 жылы Қорғанның ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне сырттай оқуға түседі. Ал 1984 жылы мұғалімдіктен «Рощинский» кеңшарына агроном болып ауысады. Жоғары оқу орнынан алған білімі бар болған соң, ауыл шаруашылығы институтында ол тек арнаулы пәндерді оқып, 1986 жылы ғалым-агроном мамандығын алып шығады.
Бұл жылдары басқа Барлыбаевтардың атағы дүрілдеп тұрған. Қарапайым отбасынан шыққан қазақ балалары Нұрмағанбет, Аймағанбет, Есмағанбет үшеуі үш кеңшардың директоры, ал Баймағанбет Бескөл ауданының «Озерный» кеңшарында бас зоотехник болып істейді. «Арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, соңғысы солай жүреді» деген емес пе, соны білген аудан басшылары тағы бір үздік маманның жетіліп келе жатқанын көріп, Нағашыбайға сенім артып, оны алдымен осы аудандағы «Покровка» кеңшарының бөлімшесіне басқарушы етіп тағайындайды. Тегінде бар тегін болсын ба, еңбекке ынталы, жалқаулыққа жаны қас, жігерлі әрі қызуқанды жас шағын бөлімшені шырқ үйіріп, басқарып кетеді. Жас маманның қарымы қуатты екенін көрген облыс басшылары Нағашыбайды ауыл деңгейінде бір-ақ жыл ұстап, 1988 жылы Бескөл ауданындағы Ленин орденді әрі үлкен, әрі үздік шаруашылықтардың бірі «Тоқшын» кеңшарына бас агроном қылып тағайындайды.
Облыстық семинарлар, ауыл шаруашылығының түрлі жиналыстары қалаға жақын болған соң, осы кеңшарда жиі өткізілетін. Кеңшар директоры Қайыржан Құлатаев – өте тәжірибелі басшы, ол Нағашыбайға өзінің ағалық ақыл-кеңесін айтып отырады. Жаңа бас агрономның құлшынысы мен тиянақты жұмысы жемісін беріп, кеңшар астық жинаудан 1990 жылы облыста бірінші орын алады. Мұндай бас агрономға шаруашылықты сеніп тапсыруға болатынын көрген облыс басшылығы оны 1990 жылы Мамлют ауданындағы «Андреев» кеңшарына директор етіп жібереді. Келіншегі Гүлжан осындағы ауруханаға бас дәрігер болады. Бұл кеңес одағының экономикалық жүйесі әлі ыдырай қоймаған жылдар еді. Жас басшы үш ауылдық елді мекен қарайтын кеңшардың экономикалық, әлеуметтік көрсеткіштерін шұғыл көтеріп, бұрын астықтан гектар басы 10 центнерден ғана алып жүрген түсімді екі есе арттырып, 21 центнерге көтереді, 80-ге жуық жаңа үй, жаңа мектеп бой көтереді, ауылдарға тасжолдар тартылады. Шаруашылық өзінің диірменін, нан пісіретін үш наубайханасын тұрғызады. Осы беттен таймай еңбектене берсе, шаруашылық тарамай, қазір үлкен ауыл шаруашылығы құрылымы болып отыра берер ме еді, кім білсін. Бірақ жоғарыдан кеңшарларды таратып, жекеменшік құрылымдар жасаңдар деген бұйрықтар көбейіп, ақыры «Андреев» ЖШС болып тіркеледі.
Біреудің қолының құтына біреудің қызығатыны бар емес пе, Нағашыбайдың істегенін мен де істей алар едім деген біреулер жеке шыққысы келіп, айдың-күннің аманында «Андреев» кеңшарының бөлінуіне соқтырады. Нағашыбай Барлыбаев өзімен бірге болғысы келген халықпен сол жердегі көлдің атымен «Арқалық» ЖШС құрады. Осы кезден Нағашыбайдың өз шаруашылығын нарықтық қатынастарға бұру кезеңі басталады. Бұл 1994 жыл еді. Ол жылдардағы шаруашылықты жүргізудің қиыншылықтарын бастан кешкен біледі. Кей жылдары астық шықпай қалады, ал кей жылдары жақсы шыққан астықты дұрыс бағаға өткізе алмай қиналасың. Несие алу қиын, жанар-жағармайды уақытында таба алмай қаласың немесе шұғыл қымбаттап кетеді. Техника алуға ұзақмерзімді несие ресімдеу де оңай емес. Соның бәрін тек Нағашыбай сияқты қажырлы азаматтар ғана жеңе алды.
Кейін Нәкең ЖШС-ны ұлы Асхаттың есімімен «Асхат-Агро» деп атаған. Жер қамтыса да, шаруашылықты жүргізе алмаған бірнеше ауылдың жерлерін де қосып алып, «Асхат-Агро» компаниялар тобы егіс көлемін бүгінгі таңда 25 мың гектарға жеткізіп отыр. Ал жылқы санын 740 тұяққа апарып, қымыз саууды өнеркәсіптік деңгейге көтерді. Қазір баласы Асхат әке жолын жалғастырып жатыр.