«Ата жолы» картасын енгізудің мақсаты тарихи отанмен байланысты нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, Қазақстанда олардың әлеуетін іске асыру үшін біздің елімізге кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тарту болып табылады. Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын сақтай отырып берілетін болады. «Ата жолы» картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады»,-деп түсіндірді министрлік.
«Ата жолы» картасы бар этникалық қазақтар басқа елдің азаматы бола тұра, Қазақстан азаматтарымен және қандастармен тең құқықтарға ие болуымен ерекшеленеді.
Атап айтқанда, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық мекемелерде әлеуметтік төлемдер мен қызмет көрсетуді алуға; ҚР Еңбек кодексіне және «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңына сәйкес ҚР аумағында жұмысқа орналасуға; Қазақстан аумағында Кәсіпкерлік кодекске және ҚР өзге де құқықтық актілеріне сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға; ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін орта білім, мемлекеттік орта арнаулы және/немесе жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін орта арнаулы және/немесе жоғары білім алу, жеке оқу орындарында ақылы білім алуға; «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР Заңына сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға; Қазақстан Республикасының азаматтығы саласындағы халықаралық шарттарға және ҚР заңнамалық құқықтық актілеріне сәйкес жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқығы бар.
Сондай-ақ картаға ие болған этникалық қазақтар еңбек ету немесе бизнес жүргізу үшін қайда қоныстанатынын өзі таңдайды.
«Ата жолы» картасы бар адамдардың ҚР мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ және мемлекеттік қызметке кіре алмайды.
Егер «Ата жолы» картасының иесі Қазақстан азаматтығын алса, онда карта жарамсыз болады.
Карта иесінің 16 жасқа дейінгі балалары да оның беретін құқығын толықтай пайдалана алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ашық НҚА порталында «Ата жолы» картасын беру қағидаларының жобасын жариялады. Онда аталған картаны алу тәртібі айқындалған.
Жобаға сәйкес, «Ата жолы» картасы келесі екі шартпен беріледі: қазақ ұлтына жататынын растайтын құжаттың болуы; Қазақстан Республикасы азаматтығының болмауы. Бұл шарттарға сай келетін этникалық қазақтар, сондай-ақ келесі талаптардың да үдесінен шығуы тиіс: ҚР президентінің 2005 жылғы 6 маусымдағы жарлығына сәйкес ҚР азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін мамандыққа ие болу; ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы бұйрығына сәйкес сұранысқа ие кәсіптерге ие болу; Тұрақты тұратын және азаматтығы бар елде тіркелген жұмыс істеп тұрған бизнестің болуы.
«Ата жолы» картасын алу үшін өтінішті «Құтты мекен» АЖ жанындағы мобильдік қосымша арқылы не ҚР-ның шет елдердегі мекемесі арқылы беруге болады. Жобада «Ата жолы» картасы 10 жыл мерзімге берілетіні айқындалған. Бірақ, оның жарамдылық мерзімі ел паспортының қолданылу мерзімінен аспайды. Сондай-ақ, «Ата жолы» картасы иесінің 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған балалары да карта иесінің құқықтарын пайдалана алады. Еске салайық, 2023 жылы Қазақстанда «Ата жолы» картасын 5 мың адам иеленеді. Ал 2027 жыл соңына дейін олардың санын 40 мыңға жеткізу көзделген. Қағидалар жобасын жария талқылау мерзімі – 6 маусымға дейін.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл «Ата жолы» картасын 5 мың адамға беруді жоспарлап отыр. Жыл сайын карта иегерлерінің саны 5, 10, 15 мыңға артып, 2027 жылы 40 мыңға жетуі тиіс. Бұл туралы құзырлы министрліктің 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарында жазылған.
«Ата жолы» картасын беру – жаңа бастама. Ол туралы алғаш Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2022 жылдың соңында хабарлаған болатын. Аталған карта шетелдегі жоғары деңгейдегі кәсіби маман қазақтарға не өздері тұратын елде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға беріледі. Ол арқылы этникалық қазақтар 10 жылға жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, Қазақстанға келген қандастар мен қоныс аударушыларды жұмыспен қамту көрсеткішін де арттыруды жоспарлап отыр. 2023 жылғы меже 83 пайыз болса, оны 2027 жылдың соңына дейін 95 пайызға жеткізу басты назарда болып отыр.