«Қазір еңбек нарығында ауқымды өзгерістер болып жатыр. Онда цифрлы экономиканың рөлі арта түспек. Платформалық жұмыспен қамту жүйесіне қызығушылық артып келеді. Осы секторда қазірдің өзінде жарты миллионнан астам адам жұмыс істейді. Алайда, олардың еңбек құқықтары толық қорғалмаған. Сондықтан осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдерін әзірлеп, платформалық жұмыспен қамту мәселесін түгел реттеу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Платформалық жұмыспен қамтудың негізгі артықшылықтары:
— негізгі жұмыспен біріктіру мүмкіндігі;
— жұмыс уақытының икемділігі.
Сонымен қатар платформалық жұмыспен қамтудың тәуекелдері де бар:
— тұрақсыз жұмыспен қамту мен тұрақсыз табыс;
— жұмыссыздық, еңбекке уақытша жарамсыздық және т. б. бойынша әлеуметтік төлемдер алу құқығының болмауы.
ҚР Әлеуметтік кодексі шеңберінде платформалық жұмыспен қамтуға қатысушылар анықталды. Олар интернет-платформа операторы, тапсырыс беруші және орындаушы, сондай-ақ олардың өзара қарым-қатынас тәртібі.
Интернет-платформада тіркелген сәттен бастап орындаушылар «тәуелсіз жұмыскерлер» деп танылады және әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етіледі.
Қаржыминінің Мемлекеттік кірістер комитеті пилоттық жобаны іске асыруда, оның шеңберінде интернет-платформалар операторларын тәуелсіз қызметкерлердің пайдасына салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу жөніндегі міндеттемелері бар салық агенттері деп таниды. «Яндекс.Такси Корп» ЖШС-мен пилоттық жобаға қатысу туралы келісім жасалды. Сонымен қатар Wolt және Glovo компанияларымен келіссөздер жүргізілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында жаңа Салық кодексі шеңберінде интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін адамдар үшін (2025 жылдан бастап) салықтар мен әлеуметтік төлемдердің бірыңғай тіркелген пайыздық мөлшерлемесін белгілей отырып, оңайлатылған салық режимін енгізу жоспарлануда
Қазіргі уақытта бұл мәселе Ұлттық экономика, Қаржы және Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп пысықталуда.
Бұл шаралар тәуелсіз жұмысшылардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, жұмыспен қамтылған халықтың едәуір бөлігін «көлеңкеден шығаруға» ықпал етеді.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесінде интернет-платформаларда тіркеу рәсімі, сондай-ақ салықтар мен әлеуметтік төлемдерді есептеу толығымен автоматтандырылады.