#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Алматы процесіне қатысушыларды Қазақстанның көші-қон саясатымен таныстырды

ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев Әзербайжан астанасы Бакуде өткен Алматы процесінің жоғары лауазымды тұлғаларының сегізінші кездесуіне қатысты. Ол Қазақстанның көші-қон саясатының негізгі тәсілдері туралы баяндады.

Кездесу барысында Қауіпсіз, біріздендірілген және реттелген көші-қон жөніндегі жаһандық шартты іске асыру жөніндегі шаралар талқыланды.

Асқарбек Ертаев іс-шараға қатысушыларға Қазақстанның көші-қон саясатын жетілдіру бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы айтты.

«Қазақстан Көші-қон жөніндегі жаһандық желінің бір бөлігіне айналды, оның мақсаты – бірлескен үйлесімді жұмыс арқылы көші-қон проблемаларын шешуге барлық халықаралық ұйымдарды жаппай жұмылдыру. Бұл іс-қимыл халықаралық көші-қон ұйымымен жемісті ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болды», – деді Комитет төрағасы.

Ол сондай-ақ Қазақстандағы көші-қон саясатына ерекше назар аударылатынын және оны іске асыру елдің негізгі халықаралық әріптестерімен өзара іс-қимылда ұлттық ерекшелікке бейімделген озық әлемдік тәжірибелерге негізделетінін атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, Алматы процесі – бұл Орталық Азия өңірін қозғайтын босқындарды қорғау және халықаралық көші-қон мәселелері бойынша өңірлік консультативтік платформа.

1997 жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңында көші-қон ағынын реттеу жүйесін жетілдіру, этникалық қазақтарды тарихи отанына қабылдау тәртібі мен азаматтық алу мүмкіндіктері нақтыланды. «Халықтың көші-қоны» заңында репатриант деп танылған адамдардың құқықтық мәртебесі анықталған.

Тұжырымдаманың басты қағидалары бойынша адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтау; нәсілі, тілі, діні, этникалық және әлеуметтік шығу тегі, көзқарасы, саяси сенімі сияқты белгілері бойынша кемсітушілікке жол бермеу басымдықтары айқындалған.
2017 жылы «Қазақстан Республикасының 2017–2021 жылдарға арналған миграциялық саясаты» тұжырымдамасы қабылданды. Бұл шетелдерде тұратын қандастарымыздың тарихи отанына оралуына кеңінен жол ашты. Көші-қон саясатының негізгі бағыттары айқындалды. Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша әркімнің республикадан тыс жерлерге кетуіне және кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар.

Көші-қон үрдістерінің негізгі кезеңдері. Бірінші кезеңде (1991–2003 жылдар) көші-қон республика аумағынан кейбір тұрғындардың үдере көшіп кетуімен сипатталды. Елімізден еуропалық этнос өкілдері өз тарихи отандарына көше бастады. КСРО ыдыраған соң алғашқы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дағдарыс, өндірістің құлдырауы көптеген ұлт өкілдері, соның ішінде орыстар – Ресейге, поляктар – Польшаға, немістер – Германияға т.б. елдерге көшіп кетуі нәтижесінде республикада аталған этностар өкілдері санының азаюы орын алды. Бұл жағдай республика тұрғындары санының кемуіне, еңбекке жарамды білікті кадрлар қатарының сиреуіне әкелді. Сондай-ақ жұмыссыздық өсіп, отбасыларда ажырасулар көбейді. Қылмыстар саны артты. Халықтың табиғи өсуі, бала туу көрсеткіші төмендеді.

Осы жылдары республика халқының саны 16 793,1 мыңнан 14 886,8 мыңға кеміді. Сыртқы көші-қондағы жоғары шегі 1994 жылға сәйкес келеді. Елден 811,3 мың адам көшіп кетті. 1991–2008 жылдары республикада жалпы 3,5 млн адам көші-қон қозғалысына түсті. Сондай-ақ басым көпшілігі Ресейге – 1 550 мың, Украинаға – 52,6 мың, Белоруссияға – 39,7 мың адам көшіп кетті. Қазақстаннан тұрғындардың көшу үрдістерінің негізгі себебі ретінде 90-жылдардың ортасында орын алған экономикадағы дағдарысты, сонымен қатар азаматтардың атамекенімен қайта қауышу мақсатын айтуға болады.

Оның үстіне психологиялық факторлар да басым болды: көптеген адамдар тарихи отанында тұрып жатқан туыстарымен байланыстары үзіліп, ертеңгі күніне деген сенімін жоғалтты, шегарадан өтудің қиындықтары туындауы мүмкін деген үрей мен тарихи отанында азаматтық алу мәселесі де алаңдатты. Сондықтан бұл этнос өкілдері өз елдеріне оралуға, тездетіп көшуге кірісті. Аталған мәселелерді ескере келе, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1998 жылы ТМД Саммитында «Қарапайым адамдарға қарай 10 қарапайым қадам» ұсынған болатын. Бұл бастаманың жүзеге асыруда азаматтық алу барысындағы жеңілдіктер, шегарада азаматтарымыздың, жүктердің, тауарлардың кедергісіз өтуі және ақпараттық байланыс аясын кеңейту т.б. мәселелер қарастырылды.

2004 жылдан бастап көші-қон ағысының қарқыны төмендеп, халық саны өсіп, миграциялық үрдістің екінші кезеңі басталды. Өсудің негізгі көзі табиғи өсім болды. Бұл өсім мұсылман-түркі халықтарында (қазақ, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түрік, түрікмен, ұйғыр, дүнген, тәжік) айқын байқалды. 2004–2009 жылдары республика халқының саны 826,9 мың адамға көбейді. 2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының саны 19 миллионға дейін жетті.

Ішкі көші-қон ерекшеліктері. Тәуелсіздік жылдары ішкі көші-қонның негізгі бөлігі ауылдық жерлерден ірі қалаларға көшумен жалғасты. Еңбек мигранттарының едәуір бөлігін қазақ жастары құрады. 1994 жылдан 1998 жылға дейін ауылдық округтер саны 2522-ден 2042-ге қысқарды. Ұжымшарлар мен кеңшарлар таратылды, ауыл инфрақұрылымы өзгеріске ұшырады. Жұмыссыздық күшейе түсті.

Экономикалық дағдарыс нәтижесінде қалалардың пайда болып, өсіп дамуына жол ашқан зауыт, фабрикалар тоқтап қалды. 1989–1999 жылдары шағын қалаларда тұрғындардың саны азая бастады. Мысалы, Лениногорск – 13,7 мың, Зыряновск – 18,4 мың, Арқалық – 20,3 мың, Шахтинск – 41,8 мың адамға қысқарды.

Осы кездері халқымыздың демографиялық және әлеуметтік дамуы ірі бетбұрыстар мен күрделі өзгерістерге ұшырады. Қазақстан үкіметі 2008 жылы көші-қонды басқару жөнінде «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасын бекітті.

Соңғы жаңалықтар