Сөз басында ЕӘҚК басшысы қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіліп жатқанын атап өтті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) жанында Ахуалдық орталық жұмыс істейді, ол ел кәсіпорындарындағы ахуалға күнделікті мониторингті, жұмыскерлер мен кәсіподақтардың өтініштерін, еңбек ұжымдарындағы ахуалдың тұрақсыздану тәуекелдерін анықтау тұрғысынан құзыретті органдар мен БАҚ-тан келіп түскен жедел ақпаратты талдауды жүзеге асырады.
«Осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республика бойынша мониторингте әртүрлі еңбек тәуекелдері бар 109 кәсіпорын болды. Өткен кезеңде мониторингке қосымша алғышарттары бар немесе еңбек жанжалдары болған 149 кәсіпорын енгізілді. Бүгінгі күнде 69 кәсіпорын бақылауда, олар бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар еңбек жанжалдарын болдырмау бойынша шаралар қабылдауда», – деді Төлеген Оспанқұлов.
Биыл республиканың 15 кәсіпорнында 3 сағаттан астам уақытқа кәсіпорын жұмысы тоқтатылған ереуілдер болды. Маңғыстау облысында – 7, Атырау облысында – 3, БҚО – 2, Ақтөбе облысында – 2, Ұлытау облысында – 1.
«Қазіргі уақытта барлық ереуілдер аяқталды. Жұмыскерлердің негізгі талаптары – жалақыны арттыру, «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес ұйымдарының штатына ауыстыру, сыйақылар төлеу, еңбек жағдайларын жақсарту, жалақыны индекстеуді жүргізу», – деп толықтырды ол.
Салалық бөліністе жанжалдардың негізгі үлесі мұнай-газ, тау-кен металлургиясы және коммуналдық салалардың кәсіпорындарына, сондай-ақ олардан тапсырыс алатын ұйымдарға тиесілі. Барлық ереуілдер ҚР Еңбек кодексінде белгіленген жұмыскерлердің талаптарды ұсыну рәсімдерін сақтамай, «стихиялық тәртіппен» өтті, осыған байланысты сот шешімімен 5 ереуіл заңсыз деп танылды.
Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың тағы бір негізгі бағыттарының бірі – олардың біліктілігі мен еңбек шарттарына сәйкес келетін жұмыскерлерге еңбекақы төлеуді қамтамасыз ету.
«Биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 940 кәсіпорны 6,3 млрд теңгеден астам сомаға 24 мың жұмыскерге жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 5,4 млрд теңге төленді.
Бүгінгі күні республиканың 34 кәсіпорнының 1,9 мыңнан астам жұмыскер алдындағы жалақы бойынша қалдық берешегі 910,3 млн теңгені құрайды», – деді Төлеген Оспанқұлов.
Оспанқұлов жалақы бойынша берешекті болдырмау мақсатында тәуекел аймағындағы кәсіпорындардағы жағдай әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық және өңірлік үшжақты комиссиялардың отырыстарында жүйелі түрде қаралатынын атап өтті. Бұдан басқа, мемлекеттік еңбек инспекторының жұмыс берушінің жалақы бойынша берешегін төлеуі туралы нұсқамасының орындалуға міндетті құжаттың күші болады.
«Жергілікті атқарушы органдар жұмыскерлердің жалақысын арттыру бойынша кәсіпорындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бірлескен жұмыс нәтижесінде еліміздің ірі және орта кәсіпорындарының 11 мыңнан астам жұмыс берушісі осы жылы 2,9 млн-нан астам жұмыскердің жалақысын 5-тен 50%-ға дейінгі мөлшерде көтерді», – деп толықтырды Бас мемлекеттік еңбек инспекторы.
Сонымен қатар, еңбек заңнамасын сақтау мәселелері ЕӘҚК-нің ерекше бақылауында. Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 5834 тексеру жүргізді, оның барысында 8936 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 6600; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 2094; халықты жұмыспен қамту бойынша – 242. Жұмыс берушілерге 3741 ұйғарым берілді және шамамен 339,5 млн теңге сомаға 2046-дан астам әкімшілік айыппұл салынды.
«Нr.enbek.kz еңбек ресурстары порталында жұмыс берушінің еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын өзін-өзі тексеруден өтуін көздейтін «Онлайн еңбек консультанты» функционалы жұмыс істейді. Ол үшін осы сервис еңбек инспекторын ауыстырады және интерактивті режимде жоспарланған немесе жасалған рәсімдердің дұрыстығын тексереді. Бұзушылықтар анықталған жағдайда жұмыс берушіге оларды жою мақсатында нақты іс-әрекеттер ұсынылатын болады. Бүгінгі таңда 28 799 адам өзін-өзі тексеруден өтті», – деді Төлеген Оспанқұлов.
Ол сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту Үкімет пен Еңбекминінің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 6,5 %-ға (1568 адамнан 1465 адамға дейін), қаза тапқандар саны 8,4 %-ға (220 адамнан 203 адамға дейін) азайды.
«2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еліміздің кәсіпорындарында 1119 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,4 %-ға төмен (2022 жылы – 1123 адам), оның ішінде 175 адам қаза тапты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,2 %-ға көп (2022 жылы – 156 адам). Жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды (133 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (93 адам), Абай (95 адам), Павлодар (92 адам), Қостанай (75 адам) облыстарында және Алматы қаласында (74 адам) сақталуда», – деп толықтырды Төлеген Оспанқұлов.
Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарында – 18,1% және құрылыс саласында – 10,5% байқалады.
Статистикаға сәйкес 2022 жылы тексерілген 1 млн 600 мың жұмыскердің 491 мыңы (31%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді.
Өңірлер бөлінісінде зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің жоғары деңгейі Қарағанды (61 301 адам), Павлодар (45 679 адам), Шығыс Қазақстан облыстарында (26 668 адам) байқалады.
«Еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерге жұмыс беруші еңбек заңнамасына сәйкес кепілдіктер мен өтемақылар береді (жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы, қосымша жыл сайынғы еңбек демалысы және жалақының ұлғаюы, сүт, емдік және профилактикалық тамақтану). Мәселен, 2022 жылы еліміз бойынша 680 мың жұмыскер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 207 млрд теңгеден астам сомаға түрлі өтемақы алды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 29 %-ға артық», – деп хабарлады ЕӘҚК төрағасы.
Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, мемлекеттік бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың 20 %-дан астамы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне тиесілі. Мәселен, осы жылдың 10 айында мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша бұзушылықтардың 2094 фактісін анықтады.
Жазатайым оқиғалардың себептері әртүрлі, олар жұмыс берушілердің де, жұмысшылардың да қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға деген көзқарасынан туындайды.
«2023 жылдың 10 айында құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар бойынша 797 материал жіберілді, олар бойынша 114 қылмыстық іс қозғалды. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты 4 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды», – деді бас мемлекеттік еңбек инспекторы.
Бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 3211 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.
Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау мақсатында 7 777 өндірістік объектіге аттестаттау жүргізілді.
2019 жылдан бастап «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінде оған 481 кәсіпорын қосылды.
«Министрлік зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын айтарлықтай қысқарту және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету міндетін қойып отыр. Осы мақсатта Еңбекмині 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын (бұдан әрі – Тұжырымдама) әзірледі, ол еңбек жағдайларын жақсартуды және еңбекті қорғау жөніндегі шараларды қаржыландыруда жаңа тәсілдерді қолдану, жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесіне жұмыскерлердің қатысуын жандандыру; білім сапасын арттыру және білімді тәуелсіз бағалауды енгізу арқылы еңбекті қорғау бойынша білімді тексеру; қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту есебінен өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулар деңгейін төмендетуді көздейді», – деді ЕӘҚК төрағасы.
Сондай-ақ, Тұжырымдама шеңберінде Отбасының цифрлық картасына ұқсас Кәсіпорындардың цифрлық картасын жасау көзделген. Бұл еңбекті қорғаудың тиімді мемлекеттік мониторингі мен бақылауын қамтамасыз етуге, проблемалық мәселелерді шешу, еңбек жағдайларын жақсарту және жұмыскерлерге олардың еңбек құқықтарының толық көлемде сақталуына кепілдіктерді қамтамасыз ету бойынша әрбір кәсіпорынды жедел және нақты қарастыруға мүмкіндік береді.