Сарыағаш ауданының шаруалары қыс мезгілінде құлпынай өсіріп, ерте пісетін жидекті саудалап, мол табыс табуды жоспарлауда.
Қазіргі таңда Дербісек ауылдық округі, Дербісек елді мекенінің тұрғыны жеке кәсіпкер Абдимамыр Бурибеков жылыжайда құлпынай өсіріп, ішкі нарықта саудалауда.
Құлпынай өніміне сұраныс еліміздің ірі қалалары және аудан аумағындағы кәсіпкерлер мен тұрғындардан келіп түсуде. Диқандар иелігіндегі жерлерден жылдық азық жинауға бел байлап, құлпынайды құлпыртып, бүгінде кәсіптерін жандандырып отыр.
Сондай-ақ, Түлкібас ауданында құлпынай өсіріп, одан пайда көріп отырғандардың қатары артып келеді. Мәселен, биыл аудан аумағына 5 кәсіпкер 10 гектардан астам аумаққа тамшылатып суғару әдісімен құлпынай еккен.
Солардың қатарында Майлыкент ауылдық округіне қарасты Дихан шаруа қожалығы да бар. Қожалық төрағасы Диханбек Дауырбаев есімді кәсіпкер жуырда 2 гектар жерге 70 мың түп құлпынай отырғызған. Онда альбион, азия, клери түрлері бар. 2024 жылы ол жерден тәулігіне 1 тоннаға дейін өнім алуды көздеп отыр.
Диханбек кәсіптің бұл түрін 2 жылға жуық уақыт толық зерттеп, алғашқысын 20 сотық жер теліміне егіп, өнім алып келгенін айтып отыр. Келесі жылы мұнымен тоқтап қалмай құлпынай алқабын 1 гектарға ұлғайтып, сонымен қатар қосымша 4 гектар алқапқа таңқурай егуді жоспарлауда. Бүгінде таңқурай көшеттерін өндірумен айналысатын алматылық шаруалармен келіссөз жүргізген.
Алқап басында кәсіпкермен аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов арнайы барып, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматпен кездесті.
Алдағы жоспарларын тыңдап, мемлекет тарапынан қолдау қажет болған жағдайда заң талаптарына сай көмек беруге дайын екенін жеткізді.