«Түнде ұйықтап, таңда оянсаң Түркістанда сәулеті келіскен бір ғимарат бой көтереді», деген әзіл-шыны аралас әңгіме шаһар тұрғындары мен қонақтарының  ауызында жиі айтылуда.

«Халық айтса, қалып айтпайды», демекші бұл тапқыр тіркес тарихи жаңғыру жолындағы Түркістанның  бүгінгі дамуына берілген шын баға іспеттес.

Құрылыс қарқынын бәсеңдетпесе, жақын жылдары төрт қақпалы шаһар  Қазақия төсіндегі «Жақұт қалаға» айналары сөзсіз.

Бүгіннің өзінде Түркі жұртының рухани астанасы атанған орталықта туризмнің көрігі қайнап-ақ тұр. Заманауи инфрақұрылым мен сапалы қызмет көрсету алыс-жақын шетелдітерді өзіне магнитше тартуда. Әттең, әлемді үрей құшағына бөлеген індет болмағанда тарихқа жаны құмар қарт құрылық Еуропа мен аңызға сенгіш Азия жұрты осылай ағылар еді-ау. Тәж тажалдың беті қайтып, іргесі сөгілсе, ол күннің де сұлбасы жақындай түсер.

«Түркістан» деген ұғым кеше не бүгін ғана пайда болған жасандылық емес. Оның тамыры тарихымыздың бастауында тұр. Күні кеше көршілердің көп кещесі солтүстігімізге көз алартып, елдігіміздің тарихи бастауына тас ата бастаған тұста ғасырлық тарихы бар қазақтың  бағызы астанасы — Түркістан сол жапқан жала, жаққан күйеге қалқан болды. Ендеше, Құл Қожа Ахмет Яасауи Ислам ілімін таратып, Әбу Насыр Әл-Фараби білім шамын жаққан Тұран өлкесін, Ұлы Жібек Жолы бойындағы тоғанақ артқан кеуреннің сары сүрлеуін сырып тастау әлемдік өркениетке жасалған қиянат болар еді… Иә, Түркістанның тарихи түлеу, сәулеттік гүлдену жолындағы бастауында өскелең ұрпақ соқпай өтпейтін бір тұлға бар. Ол — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Осыдан тура үш жыл бұрын Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығына айналған болатын.

Әп сәтте ескі шаһар алып құрылыс алаңына айналды.

2018 жылы 29 қыр­күйекте Түркістанға Үкі­меттің толық құрамымен қатар ел­дегі ал­пауыт компаниялардың же­тек­ші­лерін, шетелдік инвесторларды ерте келген Елбасы «Түркістан қала­сын түр­кі әлемінің мәдени-рухани орта­лығы ретін­де дамыту бойынша бас жоспар­дың тұ­жы­рым­дамасын мақұлдау» және «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарлықтарға қол қойғаны ел есінде.

Тіпті, кезекті сапарында қалада арна­йы мә­жі­ліс өткізіп, еліміздегі алпауыт ком­­па­­­ния­­лардың басшылары мен өңір әкімдерінің атын атап, түсін түстеп тұрып,  Түркіс­танға тарту ететін жобаларды тапсырған еді.

«Аман болсақ, 2-3 жылдың ішінде Түркістан жай­нап, басқа қала болып, еңсесі көтері­ліп, бәріміздің қуанышы­мызға өсіп өркендейтін болады», деп еді Елбасы Түркістанға ресми сапарында.

Міне, ай аунап, жыл жылжып, Түркістан тотықұстай Түрленді. Жасыл желегі бүрлеп, Сакурасы гүлдеді. Баяғы шаңдақ Арыстанды-Қарабас желі де саябырлады.

Қала орталығындағы жасыл саябақтардағы субұрқақтардан жел есіп, аптап ыстықта тұрғындарға салқындық сыйлады.

Ең бастысы, Түркістан жұрты үшін жанға жайлы, демалысқа қолайлы «комфорт» қалаға айналды.

« …Егер Түркістанда болмасаңыз, қазіргі қаланың қалай өзгергенін көруге келіңіз. Еліміздің астанасынан кейін бой көтерген жаңа қала болды. Бұл — еліміздің зор мүмкіндіктерінің тағы бір дәлелі. Жаңарған Түркістаны көргендердің барлығы таң қалуда. Бұл – мәдениет орталығы, республикамыздың орталығы. Еліміздің оңтүстігіндегі тағы бір гүлденген қала. Жақында, менің бастамаммен өткен түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан ресми түрде түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланды»,- деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл басындағы Түркістан сапарында қаланың дамуына, ондағы тындырымды істерге оң баға беріп, Түркістанның тізгінін ұстаған Өмірзақ Шөкеевке, қызметкерлерінің еңбегіне ду қол шапалақтады.

Өз сөзінде Елбасы Арқа төсінен Елорданы салғандағы бастан өткерген қиындығын еске алып, өңір басшысының құрылыс алаңындағы құлшынысына қолдау көрсетті.

«Тәуелсіздік алғаннан соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Бар­лық жоспарланған нысандардың құры­лысы аяқ­талғаннан кейін біз туристердің кө­бе­юін күтеміз. Сонымен қатар қосымша жұ­мыс орындары ашылады. Мұның бәрі біздің халқымыздың өмір сүру дең­гейі­не оң әсер етеді», деген еді Ұлт Көшбасшысы.

Ендеше, Елбасы шақырған  еліміздің мәдени, рухани, туристік әлеуетіне тың серпін сыйлаған ежелгі шаһарға қонақ болып, таңертең оянғанда жаңадан бой көтерген сәулеттік таңғажайыптардың куәгері болыңыздар.

Автор: Нұршат ТӨКЕН,
Фото: Мақсат Шағырбаев.