Қазақстандық Жаннат Алшанованың «Өркениет тарихы» атты қысқа метражды фильмі Польшадағы Zubroffka Short Film Festival халықаралық кинофестивалінде марапатқа ие болды, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Таспа «Ерекше атап өту» номинациясында марапатталды. Қазылар алқасы оқиға әсерлі шыққанын, әдемі әңгімеленгенін, актерлер ойыны мен кадрлар тамаша шыққанын атап өтті.
«Өркениет тарихы» картинасында Алматыдан Лондонға көшуге ұмтылатын Индира есімді қыздың оқиғасы баяндалады. Бірақ ұшуға бір күн қалғанда ол әртүрлі оқиғаны бастан кешеді.
«Өркениет тарихы» фильмінің түсірілімі 2019 жылы Алматыда өткен. Басты рольде Mergen лақапатымен өнер көрсететін әнші әрі композитор Ақмарал Зықаева ойнайды. Бұл қыздың дебют фильмі. Оның кинодағы серіктесі суретші Айдар Әлімбаев болды. Қоюшы-оператор португалиялық Леандро Ферран.
Айта кетейік, «Өркениет тарихы» фильмі бұған дейін Швейцарияның Локарно кинофестивалінде «Күміс қабылан» сыйлығына ие болған. Сонымен қатар, картина Toronto International Film Festival (Канада), Bosphorus International Film Festival (Түркия), Prague Shorts (Чехия), Les Arcs Film Festival (Франция) және басқа да кинофестивальдердің бағдарламасына іріктелген.
Жаннат Алшанова, сонымен қатар, When East Meets West («Шығыс Батыспен кездескенде») бірлескен киноөндіріс форумында «Жеңімпаздар басында көрінеді» деген толықметражды дебют фильмі үшін жеңімпаз атанған.
Лондон киномектебінің түлегі Алшанова Pop Up Film Residency марапатына да ие болған. Бұл Еуропалық әйелдер аудиовизуалды желісі (EWA) ұйымдастыратын жетекшісі мен резиденциясы бар үш апталық дода. Онда қазақстандық қыз үздік әйел режиссер ретінде ақшалай сыйлыққа ие болды.