Елімізде учаскелік инспектор көмекшісі лауазымы енгізіледі. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды ADYM.KZ Egemen.kz басылымына сілтеме жасап.
Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі уақытта ауылдарда учаскелік инспекторлар жетіспейді. Кей жерде 3-4 ауылға бір қызметкер жауапты болып жүр.
«Осыған байланысты, ішкі резерв есебінен учаскелік инспектор көмекшісі лауазымын енгізу жоспарланып отыр. Жергілікті атқарушы органдармен бірге учаскелік пункттер салу жоспарлануда. Өз аумағына жақын болуы үшін ауылдық жерлерде учаскелік пунктер қызметкерлер тұратын үймен бірге салынады. Ал қалаларда тұрғын үй кешендерінде орналасады», деді Ерлан Тұрғымбаев.