Шымкент қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында Наурызбай қажы Тағанұлының «Бас мүфти тағылымы» атты кітабының тұсаукесері кесілді. Шара барысында ғылыми кітапхананың оқу залында «Мүфтият» рухани, танымдық имандылық бұрышының ашылу шарасы өтті.
Жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және ҚМДБ Аппарат басшысы Ғалимбек Жәдігерұлы, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімнің меңгерушісі Марат Дәлелханұлы, ҚМБД-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Талғат Омаров және Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов қатысты.
Кітап белгілі дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміровтің құрастыруымен жарық көрді. Автордың бұған дейін де 50-ден астам кітабы мен 200-ден аса ғылыми мақалалары жарияланған.
«Бас мүфти тағылымы» кітабы туралы өз пікірін білдірген Отырар ауданының Құрметті азаматы Сағынай Құралбек бұл еңбектің көпшілікті имандылыққа, ізгілікке шақыруда үлкен маңызға ие екендігін атап өтті.
— Наурызбай қажы Тағанұлының Алла жолында, халық жолында дін өкілдері атынан жасап жүрген игі шаралары көп. Кешегі Рамазан айында көпбалалы отбасы, кедей-кепшікке жалпы мұқтаж азаматтарға жасаған жақсылығы бір төбе. Ал тұсауы кесілген кітапты оқып шықтым. Бұл кітап мұсылман бауыр үшін, мыңдаған шәкірттер үшін пайдасы орасан зор. Тақырыптың ішінде иман мен дін жолы, Пайғамбар жолы, ата-ана, жастар, тәрбие туралы қамтылған, бұл құнды еңбек даналыққа, ізгілікке баулитын кітап, — деді ол.