Биыл Шығыс Қазақстан облысында қос азаматтығы бар 28 адам анықталды, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Полиция департаменті өкілдері екі ел азаматтығын алғандар туралы ақпаратты айтты. Глубокое ауданында Қазақстан және РФ азаматығын алған тұрғын анықталған.
«Сонымен қатар, Алтай өлкесінде Ресей Федерациясының азаматтығын алған Семей қаласының тұрғыны анықталды және оның квазимемлекеттік секторда басшы қызметінде жұмыс істейтіні анықталды.
Шетелдіктерге қатысты Қазақстан Республикасы азаматтығынан айыру және ӘҚБтК-нің 496-бабы бойынша 100-ден 200 АЕК мөлшеріне дейін (265 100-ден 530 200 мың теңгеге дейін) айыппұл салатын әкімшілік хаттамалар толтырылды», — делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес елде қос азаматтыққа жол берілмейді, деді ДП өкілі.
«Көші-қон қызметі басқармасы қос азаматтығы бар адамдарды анықтау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізеді. Биыл қос азаматтығы бар 28 адам, оның ішінде шетел азаматтығын алу дерегін белгіленген мерзімде хабарламағаны үшін 8 азамат, Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарды пайдаланғаны үшін 20 адам жауапкершілікке тартылды», — деді ШҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.