Қазақстандықтардың көлік салығы бойынша қарызы 30 миллиард теңгеден асты. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде айтылды, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ел бойынша борышкерлер саны миллионнан асады.
«Барлығы 30,7 миллиард теңге мөлшерінде қарыз есептелген. 26,8 миллиард теңге борыштың негізгі сомасы. Қалған 3,8 миллиард теңге — өсімпұл», — делінген хабарламада.
Қарыздың ең көп мөлшері Алматы тұрғындарына тиесілі. Алматылықтар көлік салығы бойынша 6,1 миллиард теңге қарыз болған.
Екінші орында — Алматы облысы. Бұл аймақтағы автокөлік иелері 4,8 миллиард теңге салық төлемеген.
Берешек сомасы бойынша үштікті Нұр-Сұлтан қаласы жабады. Елордалық автоәуесқойлар мемлекетке 3 миллиард теңгеге жуық қарыз.
«Борышкерлер саны бойынша антирейтингті Алматы облысы бастап тұр. Онда 165 мыңнан аса адам салық міндеттемелерін орындамаған. Екінші орында — Алматы қаласы. Борышкерлер саны 107 мың жеке тұлғадан асады. Үштікке Түркістан облысы да кірді. Онда 104 мың адам», — деді ведомство өкілдері.
Комитет өкілдері салық төлеу мерзімі өткеннен кейін әр күн үшін өсімақы есептелетінін ескертті.
Жеке тұлғаларға салық төлеу үшін мемлекеттік кірістер органдарына барудың қажеті жоқ. e-Salyq Azamat мобильді қосымшасын орнату жеткілікті, ол арқылы қарыз сомасын көруге және салықты онлайн төлеуге болады. Сондай-ақ, қазақстандықтар салық төлеу үшін екінші деңгейлі банк қосымшаларын пайдалана алады.