Шымкент қаласы Полиция департаментінің 2600 қызметкеріне коронавирусқа қарсы вакцина салу жұмыстары басталды. Әлемді жайланған індеттен қорғанудың әзірге жалғыз жолы «COVID-19» қарсы екпе егу,- дейді сала мамандары. Айта кетейік, бірінші наурыздан бастап, балабақша қызметкерлері мен мұғалімдер, сондай-ақ полиция қызметкерлері өздерінің жергілікті аумақтары бойынша тіркелген емханаларына барып, екпе салдыртып жатыр. Ол үшін полиция қызметкері дәрігердің қабылдауында болып, медициналық тексеруден өтеді. Екпе егер алдында дене қызуы мен қан қысымының қалыпты күйде болуы маңызды,- дейді дәрігерлер.
Шымкент қаласы бойынша 20 алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінде арнайы кабинеттер дайындалған. Егу науқанын сапалы өткізу үшін мыңнан аса медицина қызметкері арнайы дайындық курсынан өткен. Вакциналау ерікті негізде жүргізілуде. «Гам-Ковид-Вак» вакцинасын алғашқылардың бірі болып қабылдаған Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Ербол Юсупов.
«Екпе — коронавирус инфекцияның алдын алуға мүмкіндік береді. Әрі індеттің таралуына жол бермейді. Мен осы себепті екпенің алғашқылардың бірі болып салдырттым. Себебі мен учаскелік полиция инспекторымын. Менің жұмысым өз аумағымдағы азаматтармен тікелей байланысты болғандықтан, өзіме және басқа азаматтардың жеке басына қауіп төндірмеу қажет деп санаймын. Сондықтан екпені салдырттым. Қазір денсаулығым қалыпты. Ешқандай кері әсер жоқ», — дейді Ербол Юсупов.
Елімізде пандемия басталған сәттен полицейлер медицина қызметкерлері коронавирусқа қарсы күресте алдыңғы шепте қызмет атқарды. Олар қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында қызметін жалғастыра бермек.