Бірнеше өңірде аязға байланысты республикалық маңызы бар жолдар жабылады, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Температураның 38 градусқа дейін төмендеуіне байланысты 2021 жылы 2 қаңтарда сағат 18.00-ден бастап республикалық маңызы бар автожолдардың барлық бағытында дизельді қозғалтқышы бар көлік құралдарының қозғалысына шектеу енгізіледі.
Ауа райы қолайлы болғанға дейін алыс өңірлерге шықпауды сұраймыз», — деп жазылған Ақмоладағы «ҚазАвтоЖол» бөлімшесінің Instagram-ында.
Сондай-ақ, СҚО-да жолдардың жабылғаны белгілі болды.
«2021 жылдың 2 қаңтары сағат 17-ден бастап Солтүстік Қазақстан облысында ауа температурасының 32-37 градусқа дейін төмендеуіне байланысты көлік құралдарының барлық түрі үшін қозғалысқа шектеу енгізілді», — деп хабарлады «ҚазАвтоЖол».
Алау басылымы да Қостанай облысында жолдардағы қозғалыс шектелгенін хабарлады.
«Температураның 38 градусқа дейін төмендеуіне байланысты 2 қаңтар сағат 17.00-ден бастап республикалық маңызы бар автожолдарда барлық көлік құралы үшін қозғалыс шектелді:
1. М-36 РФ шекарасы (Екатеринбургке) — Алматы автожолы, 386-729 шақырым (Сарыкөл кентінен СҚО шекарасына дейін).
2. А-21 Мамлютка — Қостанай автожолы, 180-250 шақырым (СҚО шекарасынан Ұзынкөл ауылына дейін)», — деп хабарлайды басылым «ҚазАқавтоЖолдың» өңірлік бөлімшесіне сілтеме жасап.