Каратэден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Жасталап Санауов қайтыс болды, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kzсайтына сілтеме жасап.
Танымал спортшы әрі жаттықтырушының қазасы туралы Ерлан Карин айтты.
«Жасталап Санауов қазақстандық каратэ қозғалысының негізін қалаушылардың бірі болды. Ол көптеген жыл бойы Қазақстан каратэ-до федерациясын басқарды, каратэ бойынша әлемге әйгілі Jk Fan журналының республикалық нұсқасын шығарды. Оның арқасында Қазақстанда беделді халықаралық турнирлер өткізілді. Ол халықаралық каратэ қоғамдастығында құрметке ие болды. Дүниежүзілік каратэ-до федерациясының атқарушы комитетіне сайланған ТМД елдерінен шыққан алғашқы және жалғыз өкіл», — деп жазды Карин Facebook желісіндегі парақшасында.
Жасталап Санауов 1966 жылы 26 мамырда Алматыда дүниеге келген. Халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебін бітірген. ҚазПТИ-де оқыған.
Ол бала кезінен спортты жақсы көретін. Каратэ-додан бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, үш дүркін КСРО чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері, Еуропа және әлем чемпионы.
1986 жылдан бастап жаттықтырушылықпен айналысты, көптеген халықаралық спорт шеберін және әлем чемпиондарын дайындады.