Қарағандылық полицейлер шетел автокөліктерінің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін ұрлаумен айналысқан ұрыларды ұстады, – деп хабарлайды ADYM.KZ Egemen.kz басылымына сілтеме жасап.
– 8 желтоқсан күні таңғы сағат 05.00 шамасында Қарағанды қалалық Полиция басқармасы криминалдық полиция қызметкерлері өткізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Язев көшесінде орналасқан үйлердің бірінің ауласында тұрған көліктердің бірінен тіркеу нөмірін шешіп жатқан 18 және 20 жастағы екі азамат ұсталды. Тексеру барысында олардан тоғыз нөмір тәркіленіп алынды. Сондай-ақ ұсталғандар Қарағанды қаласында автокөліктерден тіркеу нөмірлерін ұрлаудың 29 фактісін мойындады, – деді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.
Қазіргі таңда ұсталған азаматтарға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабының 2-тармағына (Қорқытып алу) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары өткізілуде.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті көлік иелеріне көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі ұрланған жағдайда дереу полицияға хабарлау керектігін еске салады.