Павлодар облысында қос азаматтықпен жүрген 90 адам анықталды, деп хабарлайды ADYM.KZ Egemen.kz басылымына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа жол берілмейді, яғни шетел азаматы бір мезгілде Қазақстан Республикасының азаматы бола алмайды. Егер Қазақстан Республикасының азаматы басқа мемлекеттің азаматтығын алатын болса, онда сол кезден бастап Қазақстан Республикасының азаматтығы сақталмайды.
– Павлодар облысының ПД Көші-қон қызметі басқармасы 2020 жылдың 10 айында 544 адамға қатысты Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру бойынша құжаттарды ресімдеді, оның ішінде 454 адам басқа мемлекеттің азаматтығын алғаны туралы өз бетінше хабарлады. Бұдан басқа 90 адамның қос азаматтықпен жүргені анықталды, – деді Павлодар облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Уәлиев.
Басқа мемлекеттің азаматтығы бола тұра, Қазақстан Республикасының құжаттарын пайдаланған 34 азамат анықталды, басқа мемлекеттің азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламағаны үшін 56 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Қазақстан паспортын тапсыруға шешім қабылдаған азаматтардың негізгі бөлігі Ресей азаматтығын алды. Мәлімдемелерінде адамдар өздерінің қоныс аударуын балаларының Ресейде оқуымен немесе қамқорлықты қажет ететін қарт ата-аналарының сонда тұруымен түсіндіреді, – деп атап өтті Арман Мұратұлы.
Мысалы, Ресей Федерациясының азаматтығын алған Успен, Шарбақты және Железин аудандарының бұрынғы тұрғындарында қос азаматтық фактілері анықталды. Успен ауданының тұрғыны биылғы жылдың қыркүйек айында Ресей Федерациясының азаматтығын қабылдап, Ресей паспортын алып, заңнамада белгіленген мерзімде басқа республиканың азаматтығын қабылдағаны туралы хабарламай, қазақстандық паспортын тапсырмаған.
Успен аудандық сотының қаулысымен азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 496-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 388 920 теңге көлемінде айыппұл салынды. Железин ауданының тұрғыны сот қаулысымен Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасын бұзғаны үшін елден шығарылды. Ол 2020 жылдың ақпан айында РФ азаматтығын алып, өзінің қазақстандық паспортын тапсырған жоқ.
Тәртіп бұзушы соттан оны елден шығарып жіберуді сұрады, бұл шешімді айыппұл төлеу үшін ақшасының, сондай-ақ туыстары мен мүлкінің жоқтығымен түсіндірген.