Түркістан – еліміздің нағыз рухани және мәдени орталығына айналуы тиіс. Ол үшін бекзада өнердің алтын ұясы – театрларымыздың репертуарларын барынша күшейту қажет. Сондай-ақ театр сахнасында ұлттық бірегейлік пен тарихи сананы оятатын, мәдени мұраны, дәстүрді насихаттайтын, сананы серпілтетін қойылымдарға батыл назар аудару керек. Сонымен қатар театрдың жүрегі саналатын режиссерлар мен әртістерге барынша жағдай жасалуы тиіс.
Бүгін осы және өзге де өзекті мәселелер «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысының негізгі тақырыбына айналды.
Жиынға Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы, жазушы Мархабат Байғұт бастаған кеңес мүшелері мен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев және БАҚ өкілдері қатысты.
Түркістан облысы театрларының репертуарлары мен өзекті мәселелері туралы Түркістан облыстық мәдениет басқармасы мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Гүлнұр Көлбай баяндама жасады. Оның айтуынша, 2018 жылға дейін облыстық мәдениет басқармасына қарасты 8 театр болған. Алайда Түркістан облысы құрылғаннан кейін 6 театр Шымкент қаласының баланысына өткен. Қазіргі таңда Түркістан облысында 2 кәсіби театр яғни, Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма және Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры жұмыс істеуде. Өткен жылы 2 театрда 9 жаңа қойылым сахналанып, жалпы биыл 636 қойылым халыққа ұсынылып, 128 714 көрермен қамтылған. Сондай-ақ 22 гастрольдік іссапар ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, еліміздегі пандемияға байланысты жүзден астам онлайн қойылым мен шеберлік сыныптар ұйымдастырылыпты.
Десек те, мәдениет басласында шешемін күткен мәселелер де аз емес. Айталық, облыстағы 2 театрда гастрольдер мен іссапарларға шығуға автобустар мен микроавтобустар, жүк көліктері жетіспейді. Сондай-ақ Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ол үшін құны 527 млн теңгелік жобалық сметалық құжаттары дайындалған. Алайда әлі күнге бұл ұсыныс қолдау таппай отыр. Бұдан бөлек, театрларға сырттан кәсіби режиссерлар шақырту және авторларға қаламақы мәселесі әлі күнге дұрыс шешілмеген. Тағы бір өзекті мәселе – әртістер мен өнер қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету.
Аталған мәселелерге үн қосқан кеңес мүшелері өздерінің де ұсыныс-пікірлерін де ортаға салды.
Отырыс барысында «Ұрпақ. Ұждан. Ұнасым» тақырыбында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен тәрбие саласындағы жұмыстардың өзекті мәселелері мен атқарылған іс-шаралардың есебі де тыңдалды. Бұл туралы Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сариев пен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова баяндама жасады.
Кеңес мүшелері жергілікті және республикалық телеарналардан «Өнегелі отбасы», «Өнегелі қыз бала» айдарымен арнайы отбасылық мәселелерді қозғайтын және балаларға арналған тұрақты бағдарламалар ашу, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, аудан, қалалардан оқушылар үйін, аула клубтарын ашу, қосымша білім беру желілерін ұлғайту мақсатында үйірмелер ашу мәселелерін көтерді.
Отырысты қорытқан «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев бүгінгі келелі басқасуда көтерілген барлық түйінді түйткілдер назарға алынатынын және оның жүзеге асуына барынша ықпал жасалатынын жеткізді.
«Бүгінгі отырыста өзекті мәселелер көтерілді. Әсіресе, облысымыздың мәдениет саласындағы соның ішіндегі театрларымыздың бүгінгі жай-күйі, режиссерлардың жетіспеуі, автобустардың қажеттілігі, репертуарлардың жұтандығы, қаржының аз бөліну секілді дүниелер ерекше ойлануды қажет етеді. Сондай-ақ бала тәрбиесі де күн тәртібінен түспеуі тиіс. Карантин кезіндегі оқушылардың виртуалды әлемге телміріп қалуы да бізді қатты толғандыруы тиіс. Осы ретте мен «Мирас» қоғамдық кеңесі мүшелерінің белсенді және өзекті мәселелерді талқылауда нағыз жанашыр болғандарын жөн деп есептеймін. Руханият саласына дұрыс көңіл бөлінсе ғана қоғам дамиды», – деді Бейсен Дәулетұлы.
Отырыс қортындысына сай кеңес мүшелерінің барлық ұсыныс-пікірлері жиналып, хаттама толтырылды. Алдағы уақытта осы хаттама негізінде тиісті орындарға ұсыныстар жолданады.