Алматыда полиция қызметкерлері Шу тұрғынынан ірі көлемдегі есірткіні тәркіледі, — деп хабарлайды ALYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері «Участок» жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде ірі көлемде есірткі сақтаған ер адамды ұстады.
«Ауданда орналасқан пәтерлердің бірінде есірткі заттарының жағымсыз иісі шығатыны және осы пәтердің айналасында үнемі күмәнді адамдар жүретіні туралы жедел ақпарат алдық. Ақпарат расталды. Бұл пәтерді 1989 жылы туған Б. есімді ер адамгың жалға алғаны белгілі болды. Пәтерді тінту кезінде қалтаға оралған есірткі заттары табылды. Күдікті қамауға алынды. Ол Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны болып шықты. Ер адам жұмыс іздеп, Алматыға келген. Ол өзімен бірге гашиш түріндегі есірткілерді алып келген. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 1 келі 670 грамм», — деді Алмалы аудандық полиция басқармасының басшысы Есен Ысқақов.
Қазіргі таңда бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі («Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын заңсыз дайындау, өңдеу, алу, сақтау, тасымалдау») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.