Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) Будапештте (Венгрия) аяқталған «Үлкен Дулыға» турнирінің қорытындысы бойынша әлем дзюдошыларының рейтингін жаңартты. Жарыста әлемнің 69 елінен 459 спортшы бақ сынаған, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Сайыстың қорытындысы бойынша Армия орталық спорт клубының спортшысы, ефрейтор Ғұсман Қырғызбаев 60 кг дейінгі салмақ дәрежесінде үздік дзюдошылардың әлемдік рейтингінде жетінші орында тұр. Оның есебінде 4080 ұпай бар.
«Будапешттегі «Үлкен дулыға» сайысы коронавирус пандемиясымен байланысты ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы маңызды турнир болды. Жарысқа әлемнің үздік балуандары қатысты. Осыған қарамастан, Гұсман жоғары нәтиже көрсетті. Енді бізді алдағы жарыстарға үздіксіз жаттығулар күтіп тұр», — деп өз ойын бөлісті Армия орталық спорт клубының олимпиадалық спорт түрлері бойынша штаттық командаларды даярлау бөлімінің бастығы, майор Анвар Үсенов.
Ғұсман Қырғызбаев — ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі, 2016 жылы Цюрихте (Швейцария) өткен CISM (Халықаралық әскери спорт кеңесі) әскери қызметшілері арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы, 2018 жылы Агадирде (Марокко) өткен Гран-при кезеңінің және 2019 жылы Абу-Дабиде (БАӘ) өткен «Үлкен Дулыға» (Grand-Slam) турнирінің чемпионы, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері.