Елордадағы Тәуелсіздік даңғылында жаңа көпір салынады. Ол Тәуелсіздік сарайынан Керей, Жәнібек хандар көшесіне дейін жалғасады. Көпір Нұр-Сұлтан қаласындағы көлік қозғалысын айтарлықтай азайтатын болады, деп хабарлайды ADYM.KZ baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаңа көпірдің эскиздерін қалалық урбанистика орталығы әзірледі.
Көпірдің жалпы ұзындығы — 910 м, ені – 36 м, шамдардың биіктігі — 5-тен 16 метрге дейін жететін болады. Көпір шамдары масақ түрінде жасалады. Жобаның негізгі идеясы тың жерлерді игеру тарихи оқиғасымен байланысты.
Көпірде орналасқан төрт баған ою-өрнектермен безендіріледі.
Көпірде тротуар және велосипед жолақтары да қарастырылған. Ол елорданың оң және сол жағалауын жалғайтын болады.
Бұл құрылыс «Нұр-Сұлтан-жайлы қала» мастер–жоспары аясында жүргізілуде. Сонымен қатар, бұқаралық спортты дамыту үшін жаңа көпір астындағы қоғамдық кеңістік құрылады.
Тәуелсіздік даңғылынан жалғасатын жаңа көпір елордамыздың тарихи өткенін бейнелейді. Көпір сол және оң жағалауды жалғап, әкімшілік орталықтан жаңа теміржол вокзалына дейін жол жүру уақытын қысқартып, жолаушылар ағынын жеңілдететіні маңызды, — деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен.
Жаңа көпірдің құрылысы келесі жылға жоспарланған.