Түркістан облысы Кентау қаласында 122 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде жалпы ұзындығы 26 шақырымды құрайтын 11 көшенің құрылысы «Жұмыспен қамту – 2020» және «Жол картасы» бағдарламалары аясында жүзеге асырылуда. Ал, 96 көшенің жөндеу жұмыстары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылып жатыр. Оның 37-сі ағымдағы, 48 көше орташа жөндеуден өтпек, деп хабарлайды Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жалпы Кентау қаласындағы бірқатар жолдардың тозығы жетуіне байланысты жауын-шашын күндері көшелерді су басып, тұрғындарға қолайсыз жағдай туындатып жататыны жасырын емес. Осы аталған мәселені оңтайлы шешу мақсатында қала көшелеріне ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады жауапты мамандар. Жөндеуден өткізіліп жатқан көшелерге суағарлар мен аяқ жолдар салынуда. Айта кетейік, Кентау қаласында 2020 — 2025 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 101,7 шақырым болатын 142 ішкі орам көшеге ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.