Шымкент қаласында пневмония ауруына шалдыққан науқастардың 80 пайызы емделіп шықты. Мәселен, жыл басынан бері пневмония ауруына шалдыққан 12595 науқас тіркелген болса, қазірде оның 10263 науқасы емделіп шықты.
Бұл туралы Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Варзилов Тимирхан ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте мәлімдеді. Сонымен қатар спикер бүгінгі таңда емдеу мекемелерінде дәрілік заттың жеткілікті екенін атап өтті.
«Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдарында қосымша екі айға жететін дәрі дәрмектер бар. Қосымша дәрі дәрмектер қорында 328 027 дана температураны төмендететін препарат бар. Бұған қоса, қорда вирусқа қарсы препараттардың 70 570 данасы, 135 мыңнан астам антибиотиктер, 79 800 антикогулянттар, 110 532 дана емге қажетті витаминдер бар»-деді Т. Варзилов.
Сондай-ақ 1-ші шілдеден бастап осы аралықта күніне түсетін шақыртулар саны 65 пайызға төмендеген. Бүгінде «103» қызметінде жүз жедел жәрдем бригадасы халыққа шұғыл медициналық көмек көрсетуде.
Айта кетейік, 15 шілдеден бастап «1430» онлайн кеңес беру мобильді қосымшасы іске қосылған болатын. Аталған сайтқа 486 дәрігер тіркеліп, халыққа тегін медициналық кеңес беруде.