Құрметті отандастар!
Бүгінде әлемдегі барлық елдер, соның ішінде Қазақстан да коронавирус індетіне қарсы күрес жүргізуде.
Бұл – әрине, өте ауқымды әрі күрделі жұмыс.
Осыған орай мемлекет тарапынан теңдессіз шаралар қабылданды.
Коронавируспен күресу үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратылды. Шағын және орта бизнес өкілдеріне бірқатар жеңілдік жасалды.
Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан да көлемді қаржы бөлініп, мұқтаж жандарға нақты көмек беріліп жатыр.
Бұл жұмысты Нұр-Отан партиясы белсенді түрде жүзеге асыруда.
Осының бәрі бірлігіміздің бекемдігін көрсетеді.
Дегенмен, бұл аса жұқпалы дерт азаматтарымыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, халықтың әл-ауқатына нұқсан келтіруде.
Ең алдымен, осы кеселден қайтыс болған адамдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын.
Сондай-ақ, вирус жұқтырғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін.
Осындай күрделі кезеңде барша жұрт жауапкершілік танытудың қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойлаймын.
Әр адам өзінің, туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына мұқият болуы керек.
Бұл – қазіргі заманның талабы.
Індетті жеңу – әрбір азаматтың өз қолында.
Бұл, ең алдымен, қарапайым қағиданы ұстанудан басталады.
Бетперде тағып жүру, тазалық сақтау және әлеуметтік қашықтықты ұстану – өте маңызды.
ӨйткенІ, бұл сіздің және өзге адамдардың денсаулығы үшін аса қажет.
Тағы да қайталап айтамын:
«Сақ жүрсең, сау жүресің»,
«Сақтықта – қорлық жоқ».
Сондықтан, азаматтарды қорғау үшін біз барлық қажетті шараларды жедел түрде қолға алдық және осы жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз.