Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Бүгінде Мақтаарал ауданында су басқан елді мекендердің тұрғындарына үй салып жатқан құрылыс компанияларында 1475 азамат жұмыс істеуде. Олардың 810-ы тасқын судан зардап шеккен ауыл тұрғындары. Қазіргі сәтте тағы 43 бос жұмыс орны бар. Ол жұмыстарға да жергілікті тұрғындарды тарту жоспарлануда.
Мақтааралдықтарды жұмыспен қамту мақсатында Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан аудан орталығында мобильді орталықтар жұмыс істейді. Бірінші мобильді орталық Жаңатұрмыс, Жеңіс, Өргебас, Достық және Фердоуси ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетуде. Екінші топ Нұрлытаң, Жайлыбаев, Шұғыла және Жантақсай ауылдарында. Үшінші орталықтың қызметкерлері Мырзакент, Нұрлы жол, Арайлы және Ақжол ауылдарының тұрғындарын жұмысқа орналастыруға көмек көрсетеді.
Онда түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, азаматтардан жұмысқа орналасуға өтініштер қабылданады. Сонымен қатар, Мақтаарал ауданы бойынша Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шараларымен 459 адам қамтылған. Оның ішінде 85 азамат су басқан елді мекендердің тұрғындары.
Әйелдердің кәсіпкерлігін дамыту үшін де блиц-тренингтер өткізіле басталды. Қатысушыларға дайын бизнес-кейстер ұсынылып, бал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, жылыжай ісі, саңырауқұлақтар өсіру және т. б. кеңестер берілуде.
“Үкіметіміз тасқын судан зардап шеккен мақтааралдықтарға арнап үй салып беріп жатқаны қуантады. Осы істің куәсі болып отырмыз. Осы ретте мен барлық Мақтаарал ауданының жұмыссыз жүрген жастарын құрылысқа атсалысуға шақырамын. Айлық уақытылы төленеді. Үш мезгіл тамағы да фирма атынан тегін қарастырылған. Ендеше үйде қарап отырмай Мырзакентіміздің өсіп-өркендеуіне бір кісідей атсалысайық”, – дейді Мырзакент елді мекенінің тұрғыны Ердос Башаров.