Шымкентте қоғамдық көлік жаңа автобустармен толығып, аялдамалар салынады. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткізген баспасөз турында мәлім болды.
Жуырда Шымкентте қоғамдық көлік сапасын жақсарту мақсатында жаңа жүйе қабылданды. Соның нәтижесінде көлік саласындағы түйткілді мәселелер рет-ретімен шешімін таппақ.
— Төлем карталары тамыз айынан бастап, 500 теңгеден сауда орталықтары мен дүкендерде сатыла бастайды. Қаламызға жыл аяғына дейін 590 автобус әкелінеді деп жоспарланып отыр. Сол кезде шымкенттіктер сығылысып, мініп-түсіп жүрген шағын әрі ескі автобустар біртіндеп айналымнан шығарылады, — деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиев.
26 орындыққа арналған экологиялық таза автобустар жолаушыларға жайлы. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да ыңғайлы. 14 мың тегін төлем картасы Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Алтын алқа, Күміс алқа иелері, мүмкіндігі шектеулі жандарға беріледі. Сонымен қатар, 11 жоғары және арнаулы оқу орындарындағы студенттерге карта беріледі.
Баспасөз турында БАҚ өкілдері салынған жаңа аялдамалармен танысты. Үшінші мегаполисте алдағы уақытта 260 аялдама салынады. Шағын аялдаманың құны 900 мың теңге, үлкені 2 миллион теңгеге жуық. Бұл аялдамалардың ерекшелігі әйнектері төзімді. Бұрын ені 60 см болса, қазіргі қойылатын аялдама 40 см-ге қысқарды. Жүргізілген сараптама нәтижесінде 1200 қоғамдық көлік аялдамасының қажет екені белгілі болды. Мәселе алдағы 4-5 жылда кезең-кезеңімен шешімін таппақ.
Сондай-ақ баспасөз турында журналистер Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховпен бейресми форматта кездесті. Ол БАҚ өкілдерінің көкейкесті сауалдарына жауап беріп, атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен түсіндірді.
М. Исаховтың айтуынша, 17 маршрут жабылып, 14 жаңа бағыт ашылады.