Шаһарда бүгіннен бастап кейбір кәсіпкерлік нысандарын қалпына келтірудің екінші кезеңіне тіркеу басталды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов баспасөз-брифингінде мәлімдеді.
— Қаламызда бүгіннен бастап, бірінші кезеңде бірқатар нысандар қызметін қайта бастап, қалыпты жұмыс режиміне өтті. Атап айтсақ, химиялық тазалау, кір жуу, кілем тазарту, тұрмыстық, медициналық және өндірістік жабдықтарды жөндеу орталықтары, тұрмыстық және кеңсе жабдықтарын сататын дүкендер, автожуу, май ауыстыру орталықтары, техникалық қызмет көрсету станциялары іске қосылуда. Барлық нысандар сағат 10:00 мен 18:00-ге дейін жұмысын жалғастыратын болады, — деді. Ал, сұлулық салондары мен шаштараздар алдын ала жазылумен, санитариялық нормалардың сақталуымен жүзеге аспақ. Онда келушілер саны бір уақытта 5 адамнан аспауы, отыратын орындардың қашықтығы кем дегенде 2 метр болуы қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ, 4 мамырдан бастап ақпараттық-коммуникациялық компаниялар, аумағы 500 шаршы метрден аспайтын, барлық бағыттағы дүкендер, фотосалондар, медициналық орталықтар, стоматологиялық клиникалар, жарнама агенттіктері мен көшелердегі спорт алаңдары, жеке кабиналары бар моншалар, үй жануарлары мен гүл сататын дүкендер, жылжымайтын мүлік агенттіктері жұмысын қайта бастамақ.
Қалада жаяу немесе жеке көлікпен жүру үшін нысан жетекшілері 3 мамыр күні сағат 14:00-ге дейін төменде көрсетілген пошталарға өтінім жіберуі қажет.
Абай ауданы: karantin.abai@shymkent.gov.kz,
Әл-Фараби ауданы: karantin.alfarabi@shymkent.gov.kz,
Еңбекші ауданы: karantin.enbekshi@shymkent.gov.kz,
Қаратау ауданы: karantin.karatau@shymkent.gov.kz.
Мақсұт Пернебайұлының мәлімдеуінше қалада жаяу немесе көлікпен жүруге 30 сәуірге дейін өтінім жіберіп, енгізілгендер 11 мамырға дейін автоматты түрде созылмақ.
Сәйкесінше, кәсіпорындар мен қызмет көрсету орталықтарында санитарлық талаптар күшейтіліп, қатаң бақылау жүргізілмек.