Әр нысанда медициналық пункттер жұмыс істеп, жұмысшылардың дене қызуы өлшенеді. Сондай-ақ олар антисептикпен қамтамасыз етілген. Жұмысшыларға арақашықтық 2 метрден кем болмауы керектігі ескертілген. Одан бөлек құрылыс нысандарының аумағында COVID-19 вирусынан сақтану тәсілдері жазылған ескерту плакаттары ілінген.
Сақтық шараларына қатысты талаптардың орындалуын бақылап, құрылыс алаңдарындағы жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мердігерлерге бірқатар тапсырма беріп, құрылыс қарқынының бәсеңдемеуін міндеттеді. Шаһардағы 15 нысанның құрылысы биыл толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұл орайда, желілік саябақ, қалалық Арбатты қайта қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізілуде. 11 гектар жерде орналасқан желілік саябақта аттракциондар, салт-дәстүрді дәріптейтін сәулет өнерінің туындылары орналасқан. Бекзат Саттарханов көшесінің бойындағы саябақта жұмыс кестесіне сәйкес суару, дренаждық жүйелерді жүргізу, субұрқақтар орнату, сәндік су айдыны және көшеттер отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Ашық аспан астында орналасқан ауқымды бақта ашық бассейн, субұрқақ салынуда. Ал қаланың рухани-мәдени орталығында орналасқан ғылыми-әмбебап кітапханасында сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ облыс әкімі Ақтөбе өңірінің тартуы ретінде салынып жатқан драма театрдың құрылысын аралады. Аталған нысан Түркістан мен Ақтөбе облыстарының бірігіп қаржыландыруымен жүзеге асуда. Төрт қабаттан тұратын ғимараттың жалпы көлемі – 9700 шаршы метр, онда 510 адамға арналған көрермен залы, арнайы автотұрақ орны болады. Қ.А.Ясауи кесенесінің айналасын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары аясында ландшафтық дизайнға ерекше назар бөлінген.
Әкімшілік-іскерлік орталығында 7 қабатты 24 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жаңа 92,8 мың шаршы метр, 1452 пәтерлі баспаналар заманауи талаптарға сәйкес бой көтерген. Сонымен қатар 5157 пәтерлі 5-7-9-12 қабатты 73 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жеке салушылар арқылы 5 және 12 қабатты 54 тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Жыл қорытындысымен Түркістанда 420 пәтерлі 9 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Облыс орталығындағы барлық құрылыс нысандарының сапасы қатаң бақылауға алынған. Құрылыс алаңдарын аралап, жұмысшылармен тілдескен Өмірзақ Шөкеев жауаптыларға жұмысты күшейтуді тапсырды. Мердігерлерге қосымша жұмыс күшін тартуды міндеттеді. «Құрылыс барысында ешқандай кемшілікке орын жоқ. Талап күшейтіледі. Жұмыскерлер саны жұмысқа тұсау болмасын. Қажет болған жағдайда олардың санын арттыру керек. Қосымша жұмыс күшін тартыңдар. Қауіпсіздік ережелері дұрыс сақталып, сақтық шаралары қатаң бақылансын», деді облыс әкімі. Сондай-ақ облыс әкімі құрылыстың сапалы аяқталуы, мерзімінде тапсырылуы қадағаланатынын жеткізді. Қазіргі төтенше жағдай кезінде қосымша қиындықтар орын алса, кезек күттірмей шешілуіне ықпал етуге уәде етті.