Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуге келсеңіз, жолай бірегей жобамен салынып жатқан бау-бақшалы жасыл аумақтан өтесіз. Сан алуан түрлі жеміс-жидек ағаштары өсетін ботантикалық бауды аралап, таза ауада деміңізді басасыз. Кесененің 88,7 гектар болатын буферлі қорғау аймағында құрылып жатқан рухани туризм орталығынан осы аумақта орналасқан барлық қастерлі орындарды тамашалайсыз.
Сапа мен қонақтарға қолайлы әрі жайлы жағдай жасауды, Түркістанның тарихи-мәдени орталығын қайта жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын пысықтаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев те талап етіп отыр. Кесене аумағында көшпенділер салты мен дәстүрінен ерекше сыр тартатын, ортағасырлық тұрмыстан айрықша көрініс беретін этноауыл салынады. Сондай-ақ облыс әкімі аумаққа алда тұрақты киіз үй тұрғызуды тапсырды.
Халықаралық тәжірибенің озық үлгілері назарға алына отырып, «Әзірет Сұлтан» кешенінің мүмкіндіктері кеңейтілуде. Осылайша Ұлы Жібек Жолы дәуірі тұсындағы келбеті қалпына келтіріледі. Кесенеден 700 метр қашықтықта тұрған Түркістан елді мекенінің ең ежелгі қалашығы — Күлтөбе ашық аспан астындағы музейге айналады. Мавзолейдің мемориалды және саябақ аймағында Абылай хан, Жолбарыс хан, Қасым хан, Жәнібек батыр, Қазыбек би сынды ұлы тұлғалар жерленген жерлер қоршалып, биіктетілген. Кесене мен Жеті Ата қақпасы арасындағы тарихи көлдің ойыстары қайта қалпына келтіріліп, тарихи мешітке апаратын жол, құдық және Ясауидің соңғы 20 жыл өмірін өткізген Қылуетке апаратын ортағасырлық рабаттар мен орталық көшелері қайта жасалуда.
Облыс әкімі қасиетті кесененің аймағында еңбек етіп жатқан жұмысшылардың төтенше жағдай талаптарын қатаң сақтауына, құрылыстың сапасына қатысты жауаптыларға тиісті нұсқаулар берді.