Сovid-19 індетінің алдын алу, қатерлі дертке шалдыққандардың санын арттырмау мақсатында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен төтенше жағдай жарияланып, карантиндік режим енгізілді. Адамдар көп шоғырланатын орындар мен базарлар жабылып, бірқатар мекемелердің жұмыстары тоқтатылды. Елдің басына түскен қиындықты бірге көтеруге тырысқан Жетісай ауданының кәсіпкерлері нәубетті сезіне білген ауданның жомарт жүректі азаматтары, кәсіпкерлері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып елге қолұшын созуда.
Сондай ілкімді істердің бастамашысы бола білген Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері «JasOtan» жастар қанатының мүшелері мен ауданның ерікті жастарымен біргелікте көпшілікке үлгі боларлық өнеге көрсетуде. Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілер арқылы үндеу жариялап, аудандағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға көмектесуге шақырған болатын. Бей-жай қарай алмаған ел азаматтары арнайы ашылған есеп шотқа шама-шарқынша қаржы аударып, белсенділік танытқан. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші көптің арқасында 1 млн теңгеден астам қаржы жиналған. Ол қаржыға аудандағы 100 аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік алынып, таратылуда.
«Біз көмек беріп жатқан аз қамтамасыз етілген отбасылардың тізімін ауыл-ауылды аралап ауыл ақсақалдарымен, қала, кент, округ әкімдерімен келісіп, жағдайларын көзбен көріп барып жасадық. Бірінші кезекте шын мұқтаж отбасыларға үлестіріп жатырмыз. Мұндай шарамыз осымен тоқтап қалмайды, алдағы уақытта да жалғастыруға нметтіміз» дейді «JasOtan» жастар қанатының Жетісай аудандық филиалының төрағасы Еламан Тұрдымұратов.
Айта кетейік, ауданның ерікті жастары таратқан азық-түлік себеттерінің ішінде ұн, май, картоп пен пияз, макарон мен сәбіз, шай мен шекер, құрма, тәтті тоқаштар мен жеке гигиеналық заттар қамтылған.