Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері Түркістан облысында қылмыс саны айтарлықтай төмендеген. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру және алдын алу іс-шараларының нәтижесінде ағымдағы жылдың 3 айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жасалған қылмыстар саны 18,2 %-ға азайған.
Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс саны 25,7 пайызға, көшелерде жасалған қылмыстар 26,2 пайызға төмендеді. Жол көлік оқиғаларының саны өткен жылмен салыстырғанда 17,7 пайызға төмендеген. Соның арқасында өлім-жітім 36,6 %-ға және жарақат алған азаматтар саны 21,1 пайызға азайған. Осы уақыт аралығында бөтеннің мүлкін ұрлау, тонау, қарақшылық, зорлау саны да қысқарған.
Облыс бойынша бүгінгі күні 61 блок-бекет жұмыс істейді. Оның екеуі Республикалық маңызы бар жолдарда орналасқан. Онда да 300-ге жуық полиция қызметкері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Тәртіп сақшылары күні бүгінге дейін блок-бекеттерде 100 мыңнан астам жүк, жеңіл және жолаушылар автокөліктерін тексерген.
Түркістан облысының полицейлері өз тараптарынан азаматтарды төтенше жағдай режимін сақтауға шақырады. Карантин тәртібіне түсіністікпен қарап, аса қажет болмаған жағдайда үйден шықпауға кеңес береді. Тәртіп сақшылары осы мақсатта облыс аумағында қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайда азаматтарды жауапкершілікке тарту, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тұрақты бақылау жүргізуде.
Мәселен, төтенше жағдай режимі басталғалы бері облыс полицейлері 200-ден астам заң бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 80 тәртіп бұзушыға қатысты әкімшілік айыппұл салынып, 4-іне ескерту жасалынды және 50-ден астам тұрғын әкімшілік қамауға алынды. Сотта 59 әкімшілік іс қаралды. Жалған ақпаратты таратудың 9 жайты анықталды. Тексеру шаралары жүргізіліп, жалған ақпарат таратушылар ҚР ҚК 274-бабы бойынша жауапкершілікке тартылған.