Шымкент қаласында «Аманат» сайлауға бақылау жүргізу бойынша азаматтық платформасының атқарған жұмысының кезеңаралық қорытындысына арналған баспасөз жиыны өтті, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі аталған платформаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетерлігі, «Аманат» қоғамдық ұйымының жұмысы 22-ші сәуірде басталған болатын. Ал бүгінде оның бөлімшелері Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 14 облыс орталығында ашылған.
«Аманаттың» атқарып жатқан жұмысы ауқымды деп айтуға болады. Мәселен, 28 сәуір – 31 мамыр уақыт аралығында еліміз бойынша 424, Шымкент қаласы бойынша 30-дан аса іс-шара өткізілді. Атап айтсақ, олар ОСК, Аймақтық сайлау комиссиясы және учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері қатысумен өткен түрлі кездесулер.
Сондай-ақ, Президенттікке үміткер кандидаттардың штаб-пәтерлері өкілдерімен және сайлау күнінен дайындық жүргізіп жатқан сайлау бөлімшелерінің жұмыс барысын көру, тексеру болды.
«Аманат» азаматтық тұғырнамасының Шымкент қаласындағы штабының жетекшісі Ербол Дайраштың мәлімдеуінше, қаламызда «Аманат» қоғамдық платформасы сайлаушыларға, журналистерге және тәуелсіз бақылаушы азаматтарға арнап тренингтер өткізді. Қазіргі таңда республика бойынша «Аманат» негізінде 6 мыңнан астам, Шымкентте 200-дей бақылаушы оқытылды.
Еске салсақ, елімізде Президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Шымкентте 260 сайлау учаскесі бар. Республика бойынша барлық сайлау учаскесін толық қамту үшін «Аманат» шамамен 10 мың бақылаушыны дайындауды жоспарлайды.