Елбасыға Шымқаланың қыз-келіншектері алғыс айтты

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Шымкент қаласы әкімдігінде өткен басқосуында Елбасының курстасы сөз сөйлеп, Шымқала қыз-келіншектері атынан алғыс айтылды, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
Шымкент қаласының құрметті азаматы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР құрметті металургі Аманәлі Әбдіраманов сөз алды. — «Елбасыға оқу орындарында студент жастармен жиі кездесіп тұратындығымды айттым. Ұлт көшбасшысының өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа әңгімелеп беруден жалықпайтындығымды жеткіздім. Бүгінгі жүздесу үшінші мегаполис атанған Шымкент қаласының ары қарайғы дамуына үлкен серпін берері сөзсіз», — дейді кездесуден кейінгі өз әсерімен бөліскен А.Әбдіраманов.
Сондай-ақ, Елбасымен кездесу барысында Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Төрайым Сұлтанова Шымшахардың сұлу қыз келіншектері атынан Президентке алғысын білдірді. Нұрсұлтан Әбішұлы емханалардың көп қабатты үйлердің бірінші қабатына орналасуы халықтың денсаулығын жақсартуына оң әсер ететін тілге тиек етіп, депутат ханымға өзі секілді кәсіпкер дәрігер қыз-келіншектердің осы бағытқа бет бұруына сеп болуға шақырды.
Сонымен қатар, Шымкенттік жас кәсіпкер Аят Азимов Елбасының саясатының арқасында бүгінде жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылығын жеткізді. Кофеханалар желісінің иесі кәсіпкер Әзімов бизнесті 14 пайыздық несиемен бастағанын, басында қаржылық қиындықтарға тап болғанын, бүгінде кәсіпкерлер үшін 6 пайыздық несие тіпті сыйлық секілді екендігін айтты. Шымкентте 35 адамды жұмыспен қамтып отырған жас кәсіпкер республика бойынша 70 адамға нәпақасын табуға жағдай жасап отыр екен. Елбасы кәсіпкерден мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан кәсіпкерлерге жүргізілетін тексерулер туралы сұрады. Тіпті «Тексере келген өрт сөндіру қызметкерінің өзін тым құрығанда шай беріп «құтылып » жүрген жоқ па?!», — деп әзілдеп өтті Елбасы.