Түркістан қаласында бірнеше азаматқа «Ел ағасы» атағы берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
«Шах» салтанат сарайында өткен салтанатты жиынға облысымыздың қариялары мен ақ жаулықты аналар жиналды. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр, облыстық мәслихат депутаты Әбілқасым Досболов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов қарияларды мерекемен құттықтап, ұзақ өмір тіледі.
Облыстың дамуына өзіндік үлес қосып жүрген біршама азаматтарға облыс әкімінің, облыстық мәслихат хатшысының алғыс хаттары табыс етілді. Ал, еңбек және тыл ардагерлері Исахан Жұмабаев, Шерім Медеуов, Ағабек Сүгірәлиев, Бекет Тұрғараев, Иса Телікбайға облыстық ардагерлер кеңесінің «Ел ағасы» атағы берілді.
Іс- шарада әсем әндер орындалып, биші қыздар мың бұрала би биледі. Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі жақсы бастаманы жүзеге асыруда. Соның бірі ретінде өңірдің аузы дуалы азаматтарына «Ел ағасы» деген атақ берілді.
Қариялар қызықты концертті тамашалап, көтеріңкі көңіл күймен тарқады. Сондай-ақ, 1- қазан халықаралық қарттар күніне орай ардагерлер арасында шахматтан, билярдтан және тоғызқұмалақтан облыстық деңгейде жарыстар өткізілді.