Қазақстан Республикасы Президентi Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің келісімі бойынша 2018 жылдың 28 қыркүйегінде Ақпаратқа жалпыға бірдей қол жеткізудің Халықаралық күніне орай «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің бастамасымен Түркістан облысының Мақтаарал ауданының жастарымен және Жетісай ауданы әкімдігінің жас мемлекеттік қызметшілерімен кездесу өткізілді, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
Мақтаарал ауданының Атакент кентіндегі «№14 колледж» МКҚК-де студент жастармен болған кездесуді аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы С.Қ.Кенжебаев ашып, жүргізіп отырды және Мақтаарал аудандық Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі міндетін уақытша атқарушы Ә.А.Тұрсынханов қорытындылап, сөз сөйледі.
Ал Жетісай қаласындағы Мәдениет үйінде өткізілген Жетісай ауданы әкімдігінің жас мемлекеттік қызметшілерімен кездесуді М.Ж.Жолдасбеков ашып, жүргізіп отырды.
Іс-шара барысында Мақтаарал ауданының жастарын және Жетісай ауданы әкімдігінің жас мемлекеттік қызметшілері:
— «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V ҚРЗ Заңымен;
— Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы № 827 қаулысымен бекітілген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен;
— «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 4 шiлдедегi № 171-VІ ҚРЗ Заңымен;
— «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 4 шiлдедегi № 172-VІ ҚРЗ Заңымен;
— Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 24 шілдедегі № 460 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен»;
— Елордамыздағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының және «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің тыныс-тіршілігімен;
— «Қоғамдық байланыс» мамандығының ерекшеліктерімен және осы сала бойынша студенттер мен магистранттарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру қызметінің барысымен жан-жақты таныстырылды.
Айта кетейік, «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесі үкіметтік емес ұйымының бастамасымен ұйымдастырылған осы іс-шараны өткізуге жас кәсіпкер, ұлтжанды азамат Асқар Рахымбердиев белсене атсалысты.
Анықтама: Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ұйымы – ЮНЕСКО-ның 2015 жылғы 17 қарашадағы қарары бойынша 28 қыркүйек – Ақпаратқа жалпыға бірдей қол жеткізудің Халықаралық күні деп ресми түрде жарияланған.
Қазақстанда 28 қыркүйек – Ақпаратқа жалпыға бірдей қол жеткізудің Халықаралық күні ретінде 2016 жылдан бері ресми түрде аталып келе жатыр.
Сонымен бірге 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының № 401-V ҚРЗ Заңы ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін алу және тарату жөніндегі әркімнің конституциялық құқығын іске асыру нәтижесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.