Ағымдағы жылдың 21 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Ғалым Сұлтан Тұрсынбаевтың төрағалық етуімен білім саласына қатысты отырыс өтті, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға білім беру ұйымдарының басшылары, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау мен бағалауды іске асыру жөніндегі аудандық Арнайы мониторингтік топ мүшелері қатысты.
Отырыстың мақсаты-білім саласындағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, ата-аналардан, оқытушылардан заңсыз ақша жинау мәселелерін талқылау.
Департамент басшысы Ғ.Сұлтанұлы Агенттік тарапынан жүзеге асырылып жатқан «Қоғамдық бақылау картасы» жобасына тоқталып өтті. Атап айтқанда Департаменттің «WhatsApp» (8775-8692121) нөміріне жыл басынан 80-нен аса арыз-шағым келіп түскен. Арыздардың көпшілігі мектептерде ҰБТ-ға дайындықты сылтауратып, заңсыз ақылы тестілеуді ұйымдастыру фактілеріне қатысты жазылған.
Жалпы, бұл мәселелер Департамент назарында екенін және аталған фактілер бойынша тиісті тұлғалар міндетті түрде тәртіптік жауапкершілікке тартылатын ескертті.
Жиында сыбайлас жемқорлықтын алдын алу және күресу бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта күшейе түсетіндігін ескертіп, білім беру ұйымдарының бюджеті туралы ақпаратты мектептердің, балабақшалардың, білім беру бөлімдерінің веб-сайттарында кез-келген адам үшін түсінікті және қол жетімді нысанда орналастыруды ұсынды.
Жиын соңында қатысушыларға Оңтүстік өңірінде пара алып ұсталған мектеп директорларына қатысты видео түсірілімдер де көрсетілді.