Сәдібеков сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді

Түркістан қаласында облыс әкімі Ж.Түймебаевтың ауқымды салаларды дамыту жөнінде берілген маңызды  тапсырмасына сәйкес, жастар саясаты, дін істері, білім, ішкі саясат және идеология салаларындағы өзекті мәселелер талқыланған жиында діни тұрақтылықы сақтау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар да сөз болды, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
Діни тұрақтылықты сақтау бағытында да жұмыстар қолға алынған. Дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Жүнісованың айтуынша, Түркістан облысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары, яғни, мешіттер саны —719. Енді демеушілерге мешітпен қатар, мәдениет және спорт нысандары мен өзге де әлеуметтік нысандар салу жөнінде түсіндірме жұмыстары күшеймек. Сонымен қатар, бейнабақылау орнатылмаған 211 мешітке бейнабақылау орнату бағытында нақты іс-шаралар қолға алынады.
— Облыс көлемінде деструктивті діни ағымдардың таралуының алдын алу мақсатында мәдениет саласының мүмкіндіктері қолданылып, мәдениет ошақтарында жастарға арнайы көркем және деректі фильмдер мен қойылымдардың көрсетілуін ұйымдастыру қажет, — дейді Р.Жүнісова.
Облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Сейітжаппаров жасөспірімдер мен жастардың қатысумен орын алған қылмыс пен құқық бұзушылық оқиғалары азаймай отырғанын тілге тиек етті. Аудан, қала әкімдіктері жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың жұмысын жандандыру бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.
Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков «Әрбір басқарма өзіне жүктелген міндетті сапалы орындап, жұмысты ширатқандары жөн. Соңғы жылдары облыста болған оқиғаларды зерделеп, оның қайталанбауына күш салыңыздар. Білім, жастар, дін және идеология салаларына артылар міндет ауыр. Сондықтан мәселенің салдарымен күресу емес, оның алдын алған тиімді» деп жиынды қорытындылап, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.