Түркістан қаласының символына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне кірді. Бұл туралы «КӨНЕ ТҮРКІСТАН – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР» атты Халықаралық инвестициялық жəне туристік форумда белгілі болды. Жиында Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Пискурев мәлімдеме жасап, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа мәртебелі сертификатты салтанатты түрде тапсырды, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне Арыстан баб кесенесі мен көне Отырар қалашығы да кірген. Олардың да сертификаттары өңір басшысына тапсырылды.«Бүгінгі күнді түркістандықтар үшін қуанышты сәт деп айтуға болады. Себебі, туризмнің тартымдылығы мен тұрақты туризмді дамыту жөніндегі халықаралық комитетінде осы облыстағы үш бірдей тарихи нысанға халықаралық деңгейдегі мәртебе беріліп отыр.
Мұндай қорытынды шығару үшін мыңдаған адамның арасында сауалнама жүргізіледі. Аталған нысандар комитеттегі барлық мемлекеттер тарапынан қолдауға ие болды. Осы ретте айта кетерлігі, бұрын-соңды бір өңірден құндылығы жоғары мұндай бірнеше тарихи орын шықпаған», – деді Владимир Пискурев.Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Бұл мәртебе жаңадан құрылған Түркістан облысының туристік әлеуетін көтеруге зор ықпал етеді. Бір облыстан бірден үш нысанның халықаралық деңгейде мойындалуы біздің ғана емес, Қазақстанның мақтанышы екені даусыз. Туризм саласы да ел эконоикасына қомақты үлес қосатын кез алыс емес» деді. Бұл атақ өңірге келетін туристердің санын арттыра түсуге сеп болатынын айтады мамандар.