Шардаралық тұрғындар «Нұр Отанға» өтініштерін айтты

«Нұр Отан» партиясының Түркістан облысы, Шардара аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Болатбек Қыстауов бір топ тұрғындарды қабылдап, өтініштеріне құлақ түрді, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі аудандық баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қоғамдық қабылдауға алғаш болып кірген «Мәриям» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Мүсәлім Базарбаев мал сою бекетіне арнайы жер сұраса, қаладағы Төменгі тоғай ауылының биі Тасполат Юсупов ауыз суға есептегіш қондырғысын орнату, үй-жайы жоқ, жағдайы төмен, көп балалы отбасына баспана беру, мөлтекауылдағы медпунктті күрделі жөндеуден өткізу секілді мәселелерді әкімнің назарына ұсынды. Қала тұрғыны Жайнагүл Аманова жұмыс тауып беру жөнінде өтініш айтты.
Тұрғындардың тілегін мұқият тыңдаған аудан басшысы олардың шешу жолдарын қарастырды. Азаматтар тарапынан айтылған әрбір өтінішті сала мамандарымен бірге талқылап, оң шешілу үшін нақты тапсырмалар жүктеді.
Қоғамдық қабылдау отырысына «Нұр Отан» партиясының аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ерғали Қарымсақов, аудан әкімінің орынбасары Нұрмахамбет Сапаров, қала әкімі Ережеп Бекет, аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Әлімқұл, аудандық білім бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердалиева, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Жанар Оспанова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жоламан Тұрлыбеков, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Бибігүл Көшекеева, «Шардара коммуналсервис» мекемесінің директоры Құрманғазы Әкпаров қатысып, өздеріне қатысты мәселелер бойынша жауап берісті.