Түркістан облысы, Бәйдібек ауданындағы «Жастар орталығында» өткен Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі «Мемлекеттік тіл — мәңгілік елдің мәңгілік тілі» деп аталды. Кешті үш тілде қазақ, орыс, ағылшын тілінде ашқан жүргізушілер алғашқы сөзді аудан әкімі Бақытбек Танагөзовке берді, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлынан бергі тілге қатысты ой орамдары мен тілдің қуаты, тазалығы жайында сөз айтқан аудан басшысы «Мемлекеттік тілді қолдану мен дамытуға қосқан елеулі үлесі» бар бірқатар азаматтарды «Алғыс хатпен» марапаттады. Көпшілікке арналған тілекті «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихаттың депутаты Дүйсенбеков Тұрсынәлі Қырғызәліұлы жалғастырды.
Әнші Гүлзина Шорабекова «Анамның тілі — аяулы үні», Айжан Жүсіпбекова «Қанеки, тілім сөйлеші», Қуат Хасенов пен Мұрат Бөбеев Ұшқын Жамалбектің «Бір ел болса» әнін шырқаса, Алмат Қамбаров Қалқаман Сариннің «Жаратқан бақ» термесін термелетті. Сондай-ақ М.Жұмабаевтің 125 жылдығына орай өткізілген көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауының бас жүлдегері Оспан Ақерке «Шолпанның күнәсі», Нұржібек Әбдікерімова Сәкен Исмайловтың «Тіл» атты көркемсөзін нақышына келтіре орындап шықты.
Тіл — ата-баба аманаты. Баба аманатын арқалаған бүгінгі ұрпақ Тәуелсіздіктің арқасында тіл мерекесін осылайша тойлауда.