Шардара ауданы әкімінің шешіміне сәйкес 5 қыркүйектен бастап 5 қазанға дейін аудан аумағында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» атты үгіт-насихат профилактикалық іс-шаралар жоспары түзіліп, кестеге сәйкес жүргізіліп келеді, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
«Өрт қауіпсіздігі айлығына» белсене қатысып келе жатқан мекеменің бірі – қаладағы №16 колледж ұжымы. Мұнда 10 қыркүйектен бермен қарай барлық оқу топтарында ата-аналар жиналыстары өткізіліп, 1-2 курс студенттері өрт-техникалық орталықтарына және өрт сөндіру бөлімдеріне экскурсияға шығып, тілсіз жаудан қорғану, оны болдырмау жөнінде таным-түсініктерін арттыра түсті.
Сейсенбі, 18 қыркүйек күні колледж аумағында «Тұрмыстағы балалардың қауіпсіздігі», «Улы газбен уланудың алдын алу» тақырыптарында дәрістер өткізілді. Бейнематериалдар көрсетіліп, өрт қауіпсіздігі айлығына арналып шығарылған үгіт-насихат материалдары таратылды.
Сонымен қатар, әкімшілік ғимараттарынан және оқу корпус, жатақханалардан қауіпсіз эвакуациялау бойынша практикалық жаттығу өткізілді. Аталған іс-шараға аудандық төтенше жағдайлар және өрт сөндіру бөлімі, жедел құтқару жасағы, жедел медициналық жәрдем бригадасы қатысты. Жаттығу барысында 11 қызметкер әдістемелік көмек көрсетті. Жалпы іс-шараға колледжде білім алатын 700 студент пен 93 педагогикалық және техникалық қызметкерлері тартылды.