Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Ғалым Сұлтанұлы Тұрсынбаев Кентау қаласының мемлекеттік қызметшілерімен және мектеп директорларымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі аталған агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, жиынға облыстық Ұлттық бюро Департаменті орынбасарының м.а. Х.Маматев және Кентау қаласынан құрылған арнайы мониторингтік топ мүшелері Д.Серикбаев, С.Асылбеков, А.Калдыбеков қатысты.
Кездесу барысында сөз алған Ғ.Сұлтанұлы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруда мемлекеттік аппараттың тұрақтылығы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.
«Елбасы белгілеп берген «Ұлт жоспарының алғашқы бағыты кәсіби мемлекеттік аппарат құру шеңберінде жаңадан «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдары қабылданғанын және мемлекеттік қызмет саласында кәсібилікті қамтамасыз етуді жетілдіру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
Жиында облыс орталығы Түркістан қаласында жаңа тестілеу орталығының ашылғанын және жуық арада ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының ашылуы жоспарланып отырғанын айтып өтті.
Бұған қоса, жиынға қатысып отырған мектеп директорларына заңсыз сыйлықтар алу, ата-аналар мен оқушылардан негізсіз ақша жинау деректерін болдырмау, оның алдын-алу мақсатында барлық білім беру ұйымдары нақты шаралар қабылдау қажеттігін ескертті.
Жиында сөз алған облыстық Ұлттық бюро Департаменті орынбасарының м.а. Х.Маматев жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, орын алған сыбайлас жемқорлық фактілеріне тоқталып өтті.
Сондай-ақ, жиында қызметтік міндеттерін орындау кезінде өз қызметін жеке бас пайдасына қолданып пара алып ұсталған шенеуніктермен, мектептерге жұмысқа орналасу үшін пара алып ұсталған мектеп директорларына қатысты видео түсірілімдер де көрсетілді.