Шымкенттегі шағын аудандарда ойын алаңшалары көбейіп келеді

Шымкенттегі аудан әкімдіктері қаражатты қай бағытта жұмсайтыны белгілі болды. Еске салсақ, ағымдағы жылы әрбір аудан әкімдігіне 300 млн. теңге қаржы бөлінген. Әкімдіктер қаржыны игеруде басты жұмыс бағыттарын өздері анықтайды, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің  баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен, Әл-Фараби ауданының әкімдігі қаржыны әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсамақ. Барлық қаражатқа аулаларды абаттандыру мен балалар алаңшасын орнатуды көздеп отыр. Аудандағы  20 ауланы  абаттандыру жоспарда тұр.
Абай ауданы – қаржыны балалар алаңшасының құрылысына бөлмек. Сондай-ақ, құрылысты балаларға қауіпсіз болатын материалдардан және түрік жобасы негізінде жүргізбек. Абай ауданы әкімдігі бұл мәселені шешуге кешенді түрде кірісіп, алдымен аудан дамуының тұжырымдамасын дайындамақ.
Қаратау әкімдігі де негізгі қаражатты абаттандыруға жұмсамақ. Биыл мұнда 14 ауланы абаттандыру жоспарда бар.
Ал, Еңбекші ауданында негізгі басымдық – абаттандыру мен тазалық болмақ. 13 аула абаттандырылып, 3 спорт алаңшасы салынбақ.