Әбдірахымов үй соғу стандарты Астана, Алматымен теңеседі деді

Adym.kz: Шымкент әкімдігінің қызметкерлері Елордаға барып, астаналық әріптестерінің тәжірибесіне қанығып, қажетін үйреніп келеді. Қаладағы барлық құрылыс нысандары Астана мен Алматының стандарттарына сай салынады.
Тіпті Шымкенттің Бас жоспары да қайта жасалады. Коммуналды қызметтердің қарызын төлемегендердің берешегін өтеуге әкімдік те кіріседі. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен аппараттың кезекті мәжілісінде айтылды.
Бірінші баяндаманы қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова жасады. Гүлжан Мамытқызының айтуынша, биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша 69 млрд 289,9 млн теңгені игеру жоспарланса, соның 63 млрд 889 млн теңгесі игерілген. Бұған қала әкімдігіндегі құрылымдық бөлімдердің басқарма ретінде қайта тіркелуіне байланысты қаржыландыру-қазынашылық жұмыстарының тоқтатылуы себеп болған. Қалған қаржының жыл соңына дейін игерілетініне уәде берген ол бюджет қаржысының игерілуі қатаң бақылауда екенін айта келе осалдық танытып отырған басқармаларды да атап шықты.
Мұны естіген Ғабидолла Рахматоллаұлы аталған басқармалардың басшыларына қаржыны игеру мәселесін тездетіп шешуді тапсырды.

Дереккөз: otyrar.kz