«Шымкент қаласының бас жоспар қайтадан жасалады», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Шымкенттің бас жоспары қайта қаралады. Оны Үкіметке ұсыну үшін арнайы мекеме құрылады. Шымкент қаласының 2012 жылы қабылданған бас жоспары республикалық мәртебесі бар шаһар үшін жарамсыз. Үшінші баяндаманы жасаған қала әкімінің орынбасары Бауыржан Жаймұрзынұлының айтуынша, Бас жоспарға сай 75 егжей-тегжейлі жоспар жасалуы тиіс. Ал бүгінгі таңға дейін 65-і жасалған. Бас жоспар қаланың болашағын айқындайды, сол себепті қаланың Бас құжаты 2019 жылдың жарты жылдығына дейін түзілуі міндетті. Мұны орындау үшін «Шымкент бас жоспар» мекемесі құрылады
– Тез арада жаңа мекеме құрыңыздар. Ол тек қаланың дамуымен айналысуы тиіс. Оған арнайы ғимарат беріңіздер, сәулетшілерді тартыңыздар,- деді Ғ. Рахматоллаұлы.
Бұдан бөлек мақсатсыз пайдаланып жатқан жерлерді анықтап, оларды мемлекетке қайтарады. Қала әкімі осы мақсаттағы жұмыстарды да жеделдетуді тапсырды.
2012 жылы қабылданған бас жоспарға сай қаланың аумағы 117 гектарға ұлғайған. Ол бойынша қалаға үш ауданнан 40-тан астам елдімекен қосылды, күн санап қала халқының саны да өсуде. Бір миллион 200 мың адамға шақталып жасалған жоспар қайта жөнделіп, 1 млн 400 мың тұрғынға арналып жасалуда.