Алдағы қысқа тұрғындарды қажетті қатты отынмен қамтамасыз ету мақсатында Қаратау ауданы аумағындағы 5 көмір қоймаларына жалпы — 37100 тонна көмір жеткізілді, деп хабарлайды Adym.kz тілшісі.
Олардың нақты тізімі төмендегідей: Көмір ЖШС — ЖК Насыров, Достық т.а. Яссауи көшесі; ЖК Қосжанов, Достық т.а. Яссауи көшесі; Отын ЖШС, Достық т.а. Яссауи көшесі; Азамат мұнай ЖШС, Достық т.а. Яссауи көшесі; ЖК Шамсутдинов, Қызылсай т.а. Жібек жолы көшесі. Осыған орай, аудан әкімдігі тұрғындарға аталған мекен — жайларда орналасқан қоймалардан көмір бағасын 14 800 теңгеден сатып алуға болатындығын хабардар етті.
Естеріңізге салар болсақ, қала әкімінің қатысуымен өткен аппарат мәжілісінде «биыл Шымкентте көмір тапшылығы орын алмайды», деп сендірген болатын. Жауаптылардың берген ақпаратына сенсек, биыл республикалық маңызға ие болған шаһарда қысқа дайындық жұмыстары жүйелі. «Біздегі қысқа дайындық жұмыстары қазір қарқынды жүргізіліп жатыр. Тамыздың соңына дейін 100 пайыз аяқталады», дейді қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек.