ӘБДІРАХЫМОВ ЗООБАҚҚА КІРУ АҚЫСЫН ТӨМЕНДЕТТІ

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов зообаққа кіру ақысын төмендетті, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі Шымкент Зообағының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімінің қаулысымен билет бағасы бұрынғы 500 теңгеден 300 теңгеге дейін арзандады. Енді Шымкент зообағына кіру билетінің бағасы ересектер үшін – 300 теңге, ал балалар билеті 150 теңге болып белгіленіп отыр. «Шымкент зообағы халық көп келетін демалыс орындарының бірі. Баға арзандады. Бұдан былай мұнда келушілер саны бұрынғыдан артады. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын үнемі назарға алып отырамыз», — деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.
Шымкент хайуанаттар бағы — Қазақстан Республикасының ең алғашқы зоологиялық парктерінің бірі. 1980 жылы Шымкент қаласында ашылды. Жер көлемі 54 га, оның 34 га аумағында экспозиция орналасқан, жануарлардың саны – 1600 бас(01.01.2013). Зообақта 6 секция жұмыс істейді, онда жануарлардың 185 түрі ұсталады(2012), олардың 20 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Қажетті жем-шөптің 25%-ын хайуанаттар бағы өзінің 30 га жерінен қамтамасыз етеді.