«Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту қыркүйекте аяқталады», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Шымкент мұнай өңдеу зауытында басты технологиялық операция – каталиттік крекинг реакторына шикізат қабылдау жұмысы орындалды, деп хабарлайды кәсіпорынның баспасөз қызметі. Нәтижесінде зауытты жаңғырту және қайта құру жобасының соңғы кезеңі басталды.
«15 тамызда сапасы жоғары өнім шығаруды бастадық. Американың UOP компаниясының технологиясы негізінде жылына 2 миллион тонна шикізат беру қуатына ие RFCC каталитикалық крекинг қондырғысы орнатылды», — деп мәлімдейді кәсіпорын өкілдері.
RFCC кешені зауытта мұнайды өңдеуді одан әрі тереңдетуге, сапасы жағынан К-4 және К-5 экологиялық кластарына сәйкес келетін бензин мен дизель шығаруға мүмкіндік береді. Айта кетейік, Шымкент МӨЗ жаңғырту жобасы, жоспар бойынша, 2018 жылдың қыркүйегінде аяқталуы тиіс.
Жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңінде Шымкент мұнай өңдеу зауытында шикізатты ыдыстарға саңылаусыз құятын қондырғы іске қосылды. Сондай-ақ қуаты жылына 1,5 млн. тонна дизель отынын гидротазалайтын және жылына 4 мың тонна күкірт өндіретін қондырғы іске қосылып жұмыс істей бастады. Айта кетейік, инновациялық тың технологиялар автоматты түрде басқарылады.